Алматы облысы әкімдігі қоғамдық көлік мәселесін шешуге қатысты көзқарасын білдірді

Dalanews 09 ақп. 2023 08:38 748

Бүгін Алматы облысының Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Алмас Батанов журналистермен кездесу өткізді, -деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен іс-шарада Жолаушылар тасымалы саласындағы проблемаларды шешу жолдары айтылды.
Бірінші кезекте басқарма басшысы бүгінгі жағдайға баса назар аударды.

«Қала маңындағы маршруттарға қатысты тұрғындар мен БАҚ өкілдерінің назарына 2016 жылғы 9 желтоқсаннан бастап «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңына, сондай-ақ «автокөлікпен жолаушылар мен багажды тасымалдау Ережелеріне» сәйкес қала маңындағы тұрақты маршруттарды ұйымдастыруды Алматы қаласының қалалық мобилділік басқармасы жүзеге асыратынын жеткізгім келеді. Яғни, елді мекенді елді мекеннің белгіленген шекарасынан өлшенетін ұзындығы елу шақырымға дейінгі қала маңындағы аймақпен байланыстыратын маршруттар бойынша тасымалдау Алматы қаласының құзыретінде болады. Осыған байланысты, қалалық мобилділік басқармасы Алматы облысының елді мекендерінің қала маңындағы бағыттары бойынша 26 автобус қатынасын ұйымдастырды. Бұл облыстың 50 - ге жуық елді мекенін Алматы қаласымен байланыстыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Алмас Батанов.

Сонымен қатар, ол барлық 50 шақырымдық аймақты қамту үшін тағы 35 елді мекенді автобус қатынасымен қосу қажеттігін атап өтті.

Басқарма басшысы Алматы қаласына жақын орналасқан елді мекендер тұрғындарының көптеген өтініштерін назарға ала отырып, ведомство ағымдағы жылдың 3 тоқсанының соңына дейін орындау мерзімімен 10 жаңа қала маңындағы маршруттарды ашу жөнінде ұсыныстар жібергенін атап өтті.

«Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Алматы облысына жұмыс сапары барысында Алматы агломерациялары шеңберінде автобус қатынасымен қамтылмаған ауылдық елді мекендерді автобус маршруттарымен қамтамасыз ету туралы тапсырма берді. Осы міндеттерді шешу үшін облыс әкімдігі 31 Қаңтарда муниципалды автобус паркін заңды түрде тіркеді, оның міндеттеріне қазіргі уақытта маршруттар жоқ әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша мәселелерді шешу кіреді. Бүгінгі таңда автобус маршруттарын, қозғалыс сызбалары мен кестелерін әзірлеу, автобустар үшін аялдама орындарын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Маршруттарға алғашқы автобустарды іске қосу ағымдағы жылдың 2-ші жартыжылдығында жоспарлануда», - деп түйіндеді Батанов.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 11 қарашасынан бастап Алматы мен Қонаев қалалары арасындағы электр пойызының бағыты қайта жанданды. Қала маңындағы пойыз күнделікті жүреді. Қонаевтан таңғы сағат 06.00-де аттанып, Алматыдан кешкі 19.00-де кері жөнелтіледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар