Алматы әкімдігі мен Қытайдың ұлттық әуе тасымалдаушысы Air China арасында рейстерді ашуға жәрдемдесу туралы меморандумға қол қойылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құжатқа Алматы әкімі Ерболат Досаев Қытайға жұмыс сапары барысында және China National Aviation Holding Company президенті Ма Чонсянь мырзамен кездесу кезінде қол қойды.
«Алматы — Бейжің» және «Алматы — Чэнду» жаңа әуе рейстері ашылады деп күтіліп отыр.
Биыл Қытайдан туристік ағынның өсуі күтілуде, бұл Алматының мәдени және іскерлік орталық ретінде дамуы үшін маңызды. Жаңа бағыттарды іске қосу маусым айына жоспарланған.
Алматы көлік инфрақұрылымын жаңғыртуды жалғастырып отыр. Биыл қалаға 2,3 миллион турист, оның ішінде 700 мың шетелдік қонақ келеді деп болжанған. Өткен жылы Алматыға Қытайдан 95,3 мыңнан астам турист келген, бұл 54%-ға өскенін көрсетеді.