Алматы жастары Ұлт жоспарын жүзеге асыруға ынталы

Dalanews 01 ақп. 2016 10:05 787

Қазақстан Ұлт жоспарын жүзеге асыру мен жаһандық дағдарысты игеруде тағы бір тарихи оқиғаға қадам басқалы тұр. Таяуда Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс және өңірлік мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын өткізу туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Үндеуіне қолдау көрсету мақсатында Алматы қаласы жастарының форумы болып өтті.

Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы «Жарасым» жастар қанаты, Алматы қалалық филиалының «Жас Отан» жастар комитеті, «Еріктілер лигасы» жастар қозғалысы, Алматы қаласының студенттер альянсы, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары, Қыздар университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ сынды белді оқу орындарының белсенді студенттері қатысты.

Жиынды ашқан Қыздар университетінің ректоры Динар Нөкетаева Елбасы Үндеуінің мәніне тоқталып өтіп, Жаңа Қазақстанның жасампаз жастарын сайлауды қолдауға шақырды.

– ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс және өңірлік мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы, саяси бастама – Мәжіліс депуттарының ғана емес, барша Қазақстан халқының ұстанымы. Өйткені, халық қалаулылары тарапынан Мемлекет басшысына жасалған кезектен тыс Мәжіліс сайлауын өткізу жөніндегі ұсыныс қоғамда үлкен қолдауға ие болды. Халықаралық сарапшылар да бұл ұсынысты мақұлдап, дағдарыстың алдын алудағы Қазақстанның ірі қадамы екенін растады. Күні кеше ғана Қазақстан халқына үндеу жариялаған Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Бұл күндері менің атыма бастамаға қолдау көрсеткен көптеген хаттар мен жеделхаттар келіп түсті. Кезектен тыс сайлау өткізу қажеттігі туралы пікірді саяси партиялар мен кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпорындардың, мекемелер мен оқу орындарының еңбек ұжымдары құптады. Сондай-ақ, оған ардагерлер мен жастардың ұйымдары, бизнестің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, көптеген жеке азаматтар қолдау білдірді. Менің атыма келіп түскен бұл үндеулерде келтірілген барлық дәлел-дәйектемелер маған түсінікті. Оларда елге деген қамқорлық пен қойылған міндеттерді іс жүзінде асыруға кірісу деген қажетсіну бар» деп Парламент Мәжілісі депутаттарының ұсынысын жан-жақты зерттеп барып, саяси науқанды өткізуге шешім қабылдағанын мәлімдеді. Рас, бізге жаңа Парламент, ілкімді идеясы бар креативті толқын, жаңаша ойлайтын инновациялық новаторлар керек. Президенттің «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы дамыған 30 елдің қатарына ену, «Нұрлы жол» бағдарламасы, 5 халықтық реформасы мен «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт жоспары – біздің басты темірқазығымыз. Біздің ұлттық идеологиямыз – Мәңгілік Ел болу. Оған тағдыры – бір, тілегі – тұтас, бірлігі – бекем ел ғана жетеді. Құрметті жастар, сондықтан мен баршаларыңызды қазақстандық арман – Ұлт жоспарын жүзеге асыруға, Елбасының сенімін ақтауға шақырамын! – деді Д.Нөкетаева.

Одан әрі сөз алған «Жас Отан» Алматы қалалық филиалы жастар комитетінің мүшесі  Аслан Байзаханов  «Жас Отан» жастар қанаты бұл шешімді толығымен қолдайтынын тілге тиек етті.

Өз кезегінде ҚазҰАУ өзін-өзі басқару студенттік комитетінің басшысы Назгүл Ережепова:

– Бұл дәл уақытында қабылданған шешім. Бұл сайлаудың халық үшін, мемлекет болашағы үшін маңызы зор. Елімізде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, 5 халықтық реформалар сатылай жүзеге асуда. Ұла дала елінің ұрпағы бейбітшілігі жарасқан бірегей мемлекетте өмір сүріп келеді. Біздің өсіп-өркендеуімізге, білім қуып, болашақты жасауымызға барлық жағдайлар жасалған. Біз азат елдің жастары ретінде бейбітшілік пен ынтымақ жолын таңдаймыз! Сайлау өткізу бастамасын қолдаймыз! – деп атап өтті.

– Алматы – жастардың қаласы.  Сіз бен біз – осы елдің болашағымыз. Болашағымыздың жарқын, сәулелі болуы, тұрақты әрі үздіксіз дамуы бізге байланысты. Егемен Қазақстанның болашақ іргетасын қалау – азаматтық ұстанымы айқын, білімі мен білігі жарасқан белсенді жастардың қолында, – деген Қыздар университеті жастар комитетінің басшысы Маржан Ахтаева жастарды ел дамуында жауапты кезеңді қолдауға шақырды.

Форум аясында Алматы қаласының жастары мен студенттік ұйымдарының өкілдері ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешімді қолдайтындығы жөнінде Үндеу жариялап, барша қазақстандық жастарды сайлауды қолдауға шақырды.

«Қыздар университеті» медиа орталығы

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар