Алматы әуежайында әйелді кепілге алған азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматыда 7 наурыз күні әуежайда әйелді кепілге алған Машрапбек Баратовқа сот үкімі шықты. Ол үш бап бойынша жауапқа тартылды: адамды кепілге алу, қару қолдана отырып бұзақылық жасау және терроризм актісі туралы жалған хабар тарату. Сот процесі сәуір айында басталғанымен, заңбұзушылықтар анықталған соң іс прокурорға қайта жолданған.
Сот Баратовты барлық айып бойынша кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Еске салайық, наурыз айында белгісіз ер адам Алматы әуежайында қызметкер әйелге пышақпен шабуыл жасаған. Telegram мессенджерінде оның әйелді шашынан тартып, қорқытып тұрған сәті түсірілген видео тарады. Қолында пышағы бар ер адамға белгісіз бір азамат араша түсіп, қызды босатуды сұрап, өз еркімен кепілге барған болатын.