Алғаш рет дауыс берушілерге маңызды ақпарат: жас сайлаушыларға арналған қарапайым нұсқаулық

Алғаш рет дауыс берушілерге маңызды ақпарат: жас сайлаушыларға арналған қарапайым нұсқаулық
Фото: gov.kz

2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Көптеген жастар үшін бұл сайлауға қатысудағы алғашқы тәжірибе болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кім дауыс бере алады?

Сайлауға 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Дауыс беру ерікті және жасырын түрде жүргізіледі. Бұл ҚР-ның «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында көзделген.

23 тамызға дейін не істеу керек?

Ең алдымен, өз сайлау учаскеңізді және сайлаушылар тізімінде бар-жоғыңызды тексерген жөн. Бұл үшін ОСК тиісті цифрлық сервистерді ұсынады.

Бұл әсіресе жақында тұрғылықты жерін ауыстырған студенттер мен жастар үшін маңызды.

Өзіңізбен бірге не алу керек?

Сайлау учаскесіне жеке басын куәландыратын құжатпен келу қажет. Деректер тексерілгеннен кейін сайлаушыға бюллетень беріледі.

Құрылтай сайлауында дауыс беру партиялық тізімдер бойынша жүргізіледі. Бюллетеньде жеті саяси партия, сондай-ақ «Барлығына қарсымын» деген нұсқа ұсынылады.

Қалай дауыс беру керек?

Сайлаушы бюллетеньде өзі таңдаған нұсқаның тұсына белгі қойып, оны дауыс беруге арналған жәшікке салуы қажет.

Бұл ретте дауыс беру құпиясын сақтау маңызды. ОСК сондай-ақ, толтырылған бюллетеньді суретке түсіруге және сайлау күні мұндай жазбаны таратуға тыйым салынғанын еске салады.

Егер алғаш рет дауыс берсеңіз — нені есте ұстаған жөн?

Дауыс берер алдында жас сайлаушыларға саяси партиялардың бағдарламаларымен танысып, өз таңдауын достарының пікіріне немесе әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға ғана сүйенбей, өз бетінше анықтағаны жөн.

23 тамыз көптеген қазақстандықтар үшін сайлау үдерісімен алғаш танысу күні, сонымен қатар, жаңа бір палаталы Құрылтайды қалыптастыруға қатысу мүмкіндігі болады.