Түркістан қаласының ауданаралық соты өзін блогер әрі қоғамдық белсенді ретінде таныстырған азаматқа қатысты қылмыстық істі қарап, оны бопсалау бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот материалдарына сәйкес, Арыс ауданында дәрілік, техникалық және ауыл шаруашылығы өсімдіктерін өсірумен, жинаумен және экспорттаумен айналысатын «Сейітбек әулеті» ЖШС қызметіне қатысты 2025 жылдың маусымында Facebook әлеуметтік желісінде жарияланымдар таратыла бастаған. Айыпталушы кәсіпорында жұмыс істеген шетел азаматтарын видеоға түсіріп, олардың қызметі туралы түрлі материалдар жариялаған және көші-қон қызметіне бірнеше рет шағым түсірген.
Іс материалдары бойынша, 2025 жылдың шілдесінде серіктестіктің заңгері ретінде таныстырылған жәбірленуші жағдайды реттеу мақсатында айыпталушымен кездесіп, оған демеушілік көмек ретінде 2 мың АҚШ долларын берген. Алайда сот дерегінше, бұдан кейін айыпталушы кәсіпорын жұмысына кедергі келтірмеу үшін 5 миллион теңге талап еткен.
Тергеу мәліметіне сәйкес, талап орындалмаған жағдайда ол әлеуметтік желілерде кәсіпорын қызметіне қатысты жағымсыз қоғамдық пікір қалыптастыруға, мемлекеттік органдар арқылы рұқсат құжаттарының күшін жоюға және серіктестікте жұмыс істеген Өзбекстан азаматтарын елден шығартуға ықпал ететінін айтқан.
Кәсіпорын қызметінің тоқтап қалуынан қауіптенген жәбірленуші талаппен келісіп, 2025 жылғы 12 тамызда танысы арқылы 500 мың теңге және 900 АҚШ долларын берген.
Сол күні кешке Сайрам ауданындағы «Family Garden» мейрамханасында айыпталушы жәбірленушінің танысы арқылы берілген 6900 АҚШ долларын алу кезінде полиция қызметкерлерінің қолына түскен.
Сот барысында прокурор айыпталушыға 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айыпталушы өз кінәсін мойындамай, ақтауды талап етті. Ал жәбірленуші заңда көзделген жаза тағайындауды сұраған.
Сот оның кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденгенін атап өтті.
2026 жылғы 26 мамырдағы үкіммен айыпталушы Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.