Әлеуметтік желіде сынға қалған Мақсат Ақанов айтыстан алты айға шеттетілді

Әлеуметтік желіде сынға қалған Мақсат Ақанов айтыстан алты айға шеттетілді
Фото: видеодан скрин

"Алтын домбыра" иегері Мақсат Ақанов алдағы алты айға айтыстан шеттетілді. Бұл туралы Айтыс одағының төрағасы Аманжол Әлтай мәлімдеді. Бұл туралы Айтыс одағының төрағасы Аманжол Әлтай мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға Маңғыстау облысындағы Шайыр ауылының 100 жылдығына арналған айтыстан кейін қоғам талқысына түсті. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ақынның сөздері мен сахнадағы әрекеті сынға алынды. Желі қолданушылары оны айтыс әдебі мен сахна мәдениетіне қайшы деп бағалады.

Аманжол Әлтайдың айтуынша, аталған айтыс Айтыс одағының жоспарына кірмеген. Оны жергілікті азаматтар жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен ұйымдастырған.

"Мақсат Ақановты алдағы жарты жылда айтыстарға қатыстырмау жөнінде шешім қабылданды. Шайыр ауылында орын алған келеңсіздік біздің де қабырғамызға батуда", – деді Аманжол Әлтай.

Одақ төрағасы бір ақынның әрекеті үшін бүкіл айтыскер қауымды кінәлауға болмайтынын атап өтті. Сондай-ақ өзі ұйымдастыратын айтыстарда ақындардың әдебі мен сахна мәдениетінің сақталуына ерекше мән берілетінін жеткізді.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға Facebook белсендісі Нұргүл Хасанова пікір білдіріп, ақынның әрекетін сынға алды.

"Мынау не масқара, не көргенсіздік! “Күні кеше Шайыр ауылының 100 жылдығында болған жағдай” дейді. WhatsApp арқылы келіп жатыр. “Аяғы лас төрді былғайды, аузы лас елді былғайды” деген, аузына келгенін көкіп отырған мынаны желкелеп сахнадан қуып шығатын бір намысты адам болмағаны ма сол жерде?! Жүз жерден “жұлдыз”, мың жерден “дүлдүл” болса да! Мынау не басыну, не тайраңдау?! Айтыстың әдебі, сахна мәдениеті қайда?! Айтысты ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы не қарап отыр?! Елді сыйламау, жерді қорлау, тұтас халықты адам құрлы көрмей, ар-намысын таптау ғой бұл!" – деп жазды Нұргүл Хасанова.

Айта кетейік, Мақсат Ақанов - 2023 жылғы "Алтын домбыра" республикалық айтысының жеңімпазы. Сондай-ақ 2025 жылы Семейде өткен "Адамзаттың Абайы" республикалық айтысында бас жүлдені иеленген.