Әлеуметтік төлемдерді қысқарту арқылы мемлекет 290 млрд теңгеге жуық қаржы үнемдеді — Бектенов

Қаракөз Амантай 05 қыр. 2025 13:07

AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов цифрландыру мен әлеуметтік қолдау жүйесіндегі процестерді оңтайландыру тиімсіз шығындарды айтарлықтай қысқартқанын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазір Еңбек министрлігі әлеуметтік шығындар бойынша мемлекетке түсетін жүктемені оңтайландыруға бағытталған жұмыстарды белсенді түрде жүргізіп жатыр. Мұндағы мәселе шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға көрсетілетін жәрдемді қысқарту емес. Мәселе – барлық параметр бойынша мұқтаждар санатына жатпайтын адамдарды әлеуметтік қолдау жүйесінен шығару туралы болып отыр. Қазір біз Цифрлық отбасы картасының көмегімен Қазақстан халқын 6 санатқа бөлдік. Алтыншы санатқа – үйі, автокөлігі, жұмысы бар, бірақ соған қарамастан мемлекеттен әлеуметтік төлемдер алып отырған адамдар жатады", – деп атап өтті Премьер-министр.

Қазіргі уақытта скорингтік жүйені енгізу бойынша пилоттық жоба Қарағанды мен Шымкент қалаларында жүзеге асырылуда, кейін ол еліміздің барлық өңірлеріне таратылмақ.

"Осы жұмыстың нәтижесінде 2024 және 2025 жылдары біз 280 млрд теңгеден астам – шамамен 290 млрд теңгені үнемдей алдық. Бұл негізінен жергілікті бюджеттердің қаражаты. Келесі жылы, біздің есебімізше, тағы кемінде 165 млрд теңгені үнемдей аламыз. Яғни, бұл біз басым бағыттарға бағыттай алатын айтарлықтай үлкен қаражат. Сіздер білесіздер деп ойлаймын, кей өңірлерде берілген есеп бойынша бір бала бір күнде 10 үйірмеге қатысқан деген деректер болды. Мұндай мысалдар бар. Мұның бәрі жалған көрсеткіштер. Қазір біз осы салада тәртіп орнатып жатқандықтан, осындай үнемдеуге қол жеткізіп отырмыз", – деді Олжас Бектенов.

Үкімет бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар