Әлеуметтік салалардағы былықты тергеу басталады – Тоқаев

Самал Асқар 10 ақп. 2026 12:17

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында денсаулық сақтау, білім беру және инвестиция тарту салаларында жүйелі заңбұзушылықтар мен ашықтықтың жоқтығына қатаң сын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында ондаған ақпараттық жүйенің бір-бірімен байланыспай, жылдар бойы реттелмей келгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жағдай бюджет қаржысын игеру кезінде түрлі заңсыз схемалардың пайда болуына тікелей себеп болған.

«Денсаулық сақтау саласында 30-дан астам бытыраңқы ақпараттық жүйе бар. Осы жылдар ішінде бұл жүйелер толыққанды біріктірілген жоқ. Бұл – бюджет қаражатын игеру барысында орын алған заңбұзушылықтардың негізгі себептерінің бірі. Профильді министрлердің көз алдында әлеуметтік салада бұрын-соңды болмаған көлемде, ашық әрі өрескел алаяқтық схемалар іске асқан. Бас прокуратура мен басқа да уәкілетті органдар қылмыстардың барлық жай-жапсарын, мерзіміне немесе оны жапқандардың кім екеніне қарамастан толық ашуы тиіс. Тергеу барысын жеке өзім бақылауда ұстаймын», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке биыл 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені толық іске қосуды тапсырды. Бұл жүйе барлық процестің ашықтығын қамтамасыз етіп, қаржының мақсатты жұмсалуын бақылауға мүмкіндік беруі тиіс.

Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі олқылықтарға да тоқталды. Оның айтуынша, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған есеп пен қолдан жасалған көрсеткіштерге жол ашатын тетіктер анықталған.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде толық ашықтық болуы қажет. Қорда приписка мен жалған есепке мүмкіндік беретін олқылықтар бар екені анықталды. Ұлттық құрылтайда бұл мәселеге арнайы тоқталдым. Бас прокуратура мен құқық қорғау органдары барлық қаржы жымқыру фактілеріне қатысы бар адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуы керек», – деді Тоқаев.

Президент білім беру саласында да заңсыз әрекеттер кең таралғанын айтты. Оның сөзінше, бұл салада да түрлі алаяқтық пен қаржылық манипуляциялар бар.

«Білім беру саласында да түрлі алаяқтық пен заңсыз схемалар анықталды. Құқық бұзушылар міндетті түрде заң алдында жауап беруі тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Үкіметке жыл соңына дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін толық цифрландыру тапсырылды. Президенттің айтуынша, бұл шараларсыз ашықтықты қамтамасыз ету мүмкін емес.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа инвестициялық кезеңді толық іске қосудың стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары инвестиция көлемі артқанымен, қарқыны әлі де жеткіліксіз.

«2022 жылдан бері тікелей шетелдік инвестициялардың жинақталған көлемі 84 миллиард доллардан асты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар шамамен 50 пайызға өсті. Дегенмен, өткен жылы инвестиция тарту жақсарғанымен, оның қарқыны әлі де жеткіліксіз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы мемлекеттің жеке капиталды алмастырмауы тиіс екенін қадап айтты.

«Мемлекет жеке капиталдың орнын баспауы керек. Бюджеттен ақша алып, оны өзіміз инвестициялаған оңай. Ал жеке капиталды тарту үшін жағдай жасау әлдеқайда күрделі. Сондықтан нарықтық экономика қағидаттарына адал болуымыз қажет», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove