Әлемдік ғалымдар Ғылым ордасында бас қосты:  Гарвард, Токио және Индиана ғалымдары қолжазбаларды цифрландыру мәселесін талқылауда

Әлемдік ғалымдар Ғылым ордасында бас қосты:  Гарвард, Токио және Индиана ғалымдары қолжазбаларды цифрландыру мәселесін талқылауда

2026 жылғы 4 маусымда Ғылым ордасында «Қолжазбатану және цифрлық гуманитаристика» атты Жазғы мектеп өз жұмысын бастады. Іс-шара BR28712621 « Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жазғы мектеп 2026 жылғы 4–10 маусым аралығында өтеді. Іс-шара қолжазбатану, кодикология, цифрлық гуманитаристика, жазба мұраларды реставрациялау мен сақтау саласындағы жетекші отандық және шетелдік мамандардың басын қосады. Қатысушылар қатарында Гарвард университеті жанындағы Дэвис атындағы Ресей және Еуразия зерттеулері орталығының (Davis Center for Russian and Eurasian Studies, Harvard University, АҚШ), Токио шет тілдері университеті Азия және Африка тілдері мен мәдениеттерін зерттеу институтының (Research Institute for Languages and Cultures of Asia and Africa, Tokyo University of Foreign Studies, Жапония), Кыршехир Ахи Эвран университетінің (Kırşehir Ahi Evran University, Түркия), Түркияның қолжазба ескерткіштерін басқару мекемесінің (Türkiye Yazma Eserler Kurumu Başkanlığı, Түркия), сондай-ақ Индиана университетінің (Indiana University, АҚШ) өкілдері бар. 

Жазғы мектептің алғашқы күні шағатай тілін оқытудың өзекті мәселелері, корпустық аннотациялау арқылы шағатай қолжазбалары мен қазақстандық ғылыми мұраларды зерттеуді интеграциялау, Түркияда шағатай түрік тілін оқытуда қолданылатын мәтіндерді лингвистикалық талдау, сонымен қатар қолжазба қорларының сақталуын қамтамасыз етудің заманауи тәсілдері қаралды. Қатысушылар OCR/HTR технологиялары мен заманауи тілдік модельдер негізінде шағатай қолжазбаларын автоматты түрде тануға арналған жасанды интеллект құралдарын әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударды. Ғылыми пікірталастар барысында қатысушылар қолжазба мұрасын зерттеу, сипаттау, цифрландыру және сақтау салаларындағы тәжірибелерімен бөлісіп, халықаралық ынтымақтастық пен бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Жазғы мектеп бағдарламасы аясында қатысушыларға қолжазбатану, кодикология, цифрландыру, реставрациялау, консервациялау және цифрлық гуманитаристика салаларындағы заманауи ғылыми әдістер мен халықаралық тәжірибе ұсынылады. Бағдарлама кәсіби құзыреттілікті дамытуға, ғылыми байланыстарды нығайтуға және жазба мұраларды зерттеу мен сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған дәрістерді, практикалық сабақтар мен ғылыми семинарларды қамтиды.