Еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпановқа былтыр уәде етілген пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан Қазақстан чемпионаты барысында федерация басшысы Дәулет Тұрлыханов Нұрқожа Қайпановқа уәде етілген пәтер кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Бұған дейін
Еске салайық, бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желіде бұл жағдай резонанс тудырған еді. Балуан белгілі журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға сұқбат беріп, бір жыл бұрын уәде етілген пәтер әлі берілмегенін айтқан. Артынша спорт журналисі Аслан Қаженов пәтер жыл соңына дейін берілетінін мәлімдеді. Оны Нұрқожаның өзі де әлеуметтік желіде хабарлады.
"Еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов бір жыл бойы күткен пәтерін алатын болды. Ол жөнінде палуанның өзі мәлімдеді", - деді журналист.
Айта кетейік, жауапты федерация былтыр сертификатты табыстап, баспананың өзін әлі күнге дейін бермеген.
"Қазір бауырының үйін паналап, жаттығу үшін Талғардан Алматыға қатынайды. Масқара! Ұят!" - деді бұған дейін журналист.
2024 жылы Нұрқожа Қайпанов Албанияның бас қаласы Тиранада еркін күрестен өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.
