"Алдымыздан өткен жоқ": Ұлдана Мырзуаның анасы экс-күйеу баласының үйленуіне қатысты пікір білдірді

"Алдымыздан өткен жоқ": Ұлдана Мырзуаның анасы экс-күйеу баласының үйленуіне қатысты пікір білдірді
stan.kz коллажы

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуаның анасы Салима Ершанкулқызы қызының бұрынғы жұбайы Зейнел Әділеттің қайта отбасын құруына байланысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, ер адамның бұл шешімі жөнінде Ұлдананың туыстарына алдын ала ешкім хабарламаған, деп жазады dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде Ұлдана Мырзуаның өліміне қатысты тергеу мен оның экс-жұбайының араға сегіз ай салмай үйленгені қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты марқұмның анасы көпшіліктен және журналистерден түсіп жатқан сұрақтарға жауап беруге шешім қабылдағанын айтты.

Салима Ершанкулқызының сөзінше, Зейнел Әділет те, оның ата-анасы мен туыстары да жаңа отбасын құру туралы шешімін айтып, марқұмның жақындарының алдынан өтпеген.

«Көпшіліктің сұрауы бойынша алдарыңызға шығып отырмын. “Әділеттің бүгінгі іс-әрекетіне байланысты алдарыңыздан өтті ме?” деп сұрап жатыр. Жоқ, алдымыздан өткен жоқ. Ата-анасы да, үлкендері де келген жоқ», – деді ол.

Марқұмның анасы қызының өліміне қатысты тергеу барысына да тоқталды. Оның мәлімдеуінше, қылмыстық іс аясында Зейнел Әділет жәбірленуші ретінде танылған. Салима Ершанкулқызы енді оның бұл мәртебеден бас тартуын талап етіп отыр.