Жаза арқалағандардың алды 10 жылға сотталға, тағы төртеуі шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Ал Арыс қаласының мың жарым тұрғыны жәбірленуші ретінде танылған.
Арыс қаласындағы қару-жарақ қоймасынан шыққан жарылысқа қатысы бар деп танылғандарға үкім Шымкентте оқылды. Жабық есік жағдайында өткен сотқа тілшілер қатыстырылмаған.
Ал жәбірленушілер үкімге көңіліміз толмайды дейді. Себебі: мың жарым жәбірленушінің бірі үй-жайынан, кейбірі денсаулығынан айрылған.
“Осы сот шығынымызды өтеп бере ме деп үш жыл күткенде, сан соғып қалдық”, - дейді арыстықтар.
Мәселен, қала тұрғыны Айтбек Рысбек жарылысқа жауапты азаматтардан 20 млн теңге моральдық өтемақы талап еткенін айтады. Тағы бір зардап шеккен тұрғын Қорғаныс министрлігін сотқа бермек, себебі үш жылдан бері ешқандай өтемақы алмаған.
400 томға арқау болған істі сот бір жылдан астам уақыт қараған. Мың жарым адам жәбірленуші ретінде өткен сотта 16 адамға айып тағылған.
Судья олардың 12-не 4-10 жыл аралығында үкім кесті. Тағы төртеуі 4-7 жыл аралығында шартты мерзімге сотталды.
Алайда жабық есік жағдайында өткізілген сот үкіміне не сотталушылар, не жәбірленушілер риза емес.
Сотталушы тараптың қорғаушысы Бекжан Нұрмағанбет жарылысты ешкім қолдан істеген жоқ деген пікірде.
16 адамның сотталып кеткеніне жәбірленушілердің де көңілі толмайды. Олар “шортандар құтылып, шабақтар жазаланды” деп санайды.
- Бұл жоғарыдан келе жатқан жүйе, жәйлап-жәйлап осыған дейін жетті. Бұл балалар тек қызметін істеді. Ол бір жылғы, екі жылғы жиналған нәрсе емес. Ол 30, 40 жыл ма, 50 жыл ма, сондай нәрсе. Содан осы кезге келіп жарылған, ол балалар қалай кінәлі болады?”, – дейді тұрғындардың біразы.
2019 жылдың маусымында Арыстағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі сақталған қойма жарылып, төрт адам мерт болған.
Арыс пен маңайдағы ауылдардан 40 мың адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 8 мыңға жуық тұрғын үй зақымданды. Енді әскери соттан қайыр күткен мың жарым жәбірленуші азаматтық сотқа шағым түсіруі керек, ал сотталғандар апелляцияға береміз деп бел буып отыр. Үш жылдан бері келе жатқан айғай-шу тағы жалғасады.
https://www.youtube.com/watch?v=7dMOteThSSs
Бас тақырыптың суреті Азаттық сайтынан алынды.