Алдағы үш күнде банктік төлем операциялары жүргізілмейді деген рас па - ҰБ жауабы

Кәмшат Тілеухан 07 қар. 2024 09:34 1294

Әлеуметтік желіде екінші деңгейдегі банктер төлем жүйелерін қандай да бір стандарттарға көшіріп жатқаны, соған байланысты 7-9 қараша аралығында жүргізілген банктік операцияларда қателік орын алуы мүмкін екені туралы хабарлама тарауда. Сол себепті төлемдерді қолма-қол ақшамен жасауға кеңес те беріледі. Осы ақпаратқа қатысты ҚР Ұлттық банктің баспасөз қызметі түсініктеме беріп, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл ақпарат белгілі бір деңгейде дұрыс еместігі нақтыланады. Алайда ҚР Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, елдің төлем жүйелеріне ISO 20022 халықаралық төлем хабарламалары форматын енгізіп жатқаны рас екен. Бірақ оның карточкалармен жасалатын төлемдерге еш қатысы жоқ!

"Халықаралық төлем хабарламалары стандартын қолдану банктерде клиентке қаржы қызметін көрсету тәртібін өзгертпейді. Бұл жұмыстардың карточкалармен жасалатын төлемдерге еш қатысы жоқ. Осылайша, халықтың төлем карталары, QR-кодтар, мобильді аударымдар, банкоматтардан қолма-қол ақша алу, ұялы байланыс төлемдері және басқа да төлемдер өзгеріссіз қалады", делінген ҚР Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада

Сонымен қатар, ақпарат жүйелерін баптау қажет болғандықтан, банктер техникалық жұмыстар жүргізеді.

"Сондай кезде банкаралық қызмет көрсетуге байланысты төлемдерді қабылдау кестесінде қысқамерзімді өзгерістер болуы мүмкін (қаржы ұйымдары ISO 20022-ні енгізетін демалыс күндерінде). Қаржы мекемелері қазір клиенттерін жаңа стандартқа көшуге байланысты техникалық жұмыстар жүргізілетін уақыт туралы алдын ала хабардар етіп жатыр. Бұл жұмыстар 2024 жылғы қарашаның аяғына дейін жүзеге асырылады", деп ескертеді Ұлттық банк.

Анықтама: ISO 20022 – электронды хабарлама алмасатын әлемдік стандарт. Ол қаржы ұйымдары арасындағы бизнес-процестерді автоматтандыру үшін жасалған. Бұл стандартқа көшу нарық қатысушыларына ISO 20022 негізінде жүзеге асырылатын жаңа шешімдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ банк операцияларын жүргізу кезінде төлем хабарламаларын алмасудың біріздендірілген моделін қолдану арқылы барлық тараптың шығынын азайтады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар