Алдағы үш жылда Ресейден келетін газ көлемі үш есе көбеюі мүмкін

Көркем Алдабергенова 09 жел. 2025 10:05

Ресейдің табиғи газын Қазақстанға жеткізу көлемі алдағы үш жылда жылына 12 млрд текше метрге дейін ұлғаюы ықтимал, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Oilgazkz сарапшыларының сөзінше, 2025 жылғы қыркүйектің басында «Газпром» басшысы Алексей Миллер және Қазақстанның бірінші вице-премьері Роман Скляр 2025–2026 жылдары Ресей газын жеткізу көлемін арттыру туралы келісімге қол қойған еді. Ол кезде нақты көрсеткіштер жарияланбаған. Ал кеше Ресей федерациясының Мемлекеттік думасы мен Қазақстан Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі аралас комиссия отырысының қорытындысы бойынша жарияланған мәлімдемеде нақты болжам жарияланды:

«Ынтымақтастық әлеуеті жоғары: егер 2024 жылы жеткізу көлемі жылына 3,8 млрд текше метр болса, 2028 жылға қарай оның 12 млрд текше метрге дейін өсуі мүмкін».

Мәлімдемеде сондай-ақ 2025 жылдың қазан айында Ресейден Қазақстанға жаңа магистральдық газ құбыры құрылысының жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылғаны айтылған. Бұл жоба ресейлік құбырлық газ экспортын қайта бағыттау ісінде маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Қазір «Газпром» Қазақстанның Батыс Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарының тұтынушыларын газбен қамтуға қатысады. РФ Мемлекеттік думасының хабарлауынша, Ресей газын жеткізу көлемі Қазақстан Республикасының өсіп келе жатқан қажеттілігіне сәйкес ұлғайып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар