Алаяқтар қазақстандықтардың 1 млрд теңгесін жымқырған

Көркем Алдабергенова 21 там. 2025 17:06

Алаяқтар Ұлттық банк, ІІМ және тіпті үкімет қызметкерлері болып танысып, жәбірленушілердің ақшасына ие болған. Залалдың жалпы көлемі – 1 млрд теңге. Алайда зардап шеккендердің айтуынша, құқық қорғау органдары ешқандай әрекет жасап отырған жоқ, «Алаяқтық» бабы бойынша қозғалған істер мүлде жылжымай тұр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қарағанды облысының тұрғыны Юлия Кундева қолында бүкіл Қазақстан бойынша зардап шеккен 143 адамның тізімі бар екенін айтты. Оның өзіне небәрі 4 сағат ішінде 10 миллион теңге көлемінде несие рәсімделген. Ал топтағы кейбір адамдарға 30 миллион теңгеге дейін несие алынған.

«Мені жәбірленуші деп таныған қаулы бар. Бірақ сонымен бәрі тоқтап қалды. Ешкімді таппады, іздеп жатқан да жоқ. Алаяқтар схемаларды көз ілеспес жылдамдықпен ойлап табады. Бүгін қашықтан қол жеткізу болса, ертең поликлиникадан қоңырау шалады, енді бірде WhatsApp-тарды бұзып, 1414-тен хабарлама таратады. Біздің органдар үлгермей жатыр», – дейді Юлия Кундева.

Әр түрлі әдіспен алданғандар

Зардап шеккендердің кейбіріне алаяқтар банк қызметкері ретінде хабарласса, басқаларына мемлекеттік орган немесе полиция өкілі болып танысқан.

Астаналық Евгений Каменников мүлде өзгеше схемаға тап болған. Ол телефонды бөліп төлеуге сатып алмақ болып, төлем жасаған. Дүкенде төлем өтпегенін айтып, қайта аударуды сұраған. Тіпті банк те компаниямен жұмыс істейміз деп растаған. Кейін белгілі болғандай, жалға алынған ЖШС атымен әрекет еткен жалған дүкен екен. Нәтижесінде ол жоқ телефон үшін 1 млн теңге төлеп қойған.

«Мен Бостандық аудандық полиция басқармасына арыз жаздым. Арызды қабылдады, бірақ ешқандай шара қолданылған жоқ. Тергеушілер хабарласпайды, хабарламаларды оқымайды. Мошенниктер жұмысын жалғастырып жатыр, сайттары да ашық. Ауезов РОВД-на барғанымда, тергеуші арыз жазудың пайдасы жоқ екенін, мұны өзіңіз үшін ғана істеп отырғаныңызды айтты. Яғни, алаяқтарды ұстау қиын екенін ашық жеткізді», – дейді ол.

Оның айтуынша, полицияның әрекетсіздігінен кейін адвокатымен бірге Бас прокуратураға хат жазуға мәжбүр болған.

ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері интернет-алаяқтыққа қатысты 9 мыңнан астам дерек тіркелген.

«Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында ІІМ БАҚ пен әлеуметтік желілерді бақылап отырады. Осы кезеңде заңсыз сипаттағы 16 мың интернет-ресурс бұғатталды, оның ішінде 4 мыңнан астамы интернет-алаяқтыққа қатысты. Жәбірленуші болмас үшін жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, телефоныңызға қосымша бағдарламалар орнатуға және белгісіз қоңырауларға жеке мәліметтерді жария етпеуге кеңес береміз», – деді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аға жедел уәкілі Ерлан Асанов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар