Алаяқтар Қайрат Боранбаевтың Ресейдегі элиталық пәтерін сатып жібермек болған

Көркем Алдабергенова 22 там. 2025 10:53

Кәсіпкер, Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев Ресейде алаяқтардың құрбаны болды. Белгісіз адамдар оның жылжымайтын мүлкін жалған құжаттар арқылы сатып жіберген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Выход к морю" мәліметінше, бұл кезде Боранбаев Қазақстанда ірі көлемде ұрлық жасады деген айыппен қамауда отырған еді. Екі жылға жуық сот дауларының нәтижесінде мәміле жарамсыз деп танылып, мүлік қайта иесіне қайтарылды. Сарапшылардың пайымынша, бұл іс оның көршісі әрі іскер серіктесі Тимур Құлыбаевтың қолдауынсыз шешілмеген болуы мүмкін.

Боранбаев өзіне тиесілі «Консалтинггаз» ЖШС-нің аудит есебінен белгілі болғандай, әңгіме екі жер телімі мен ғимараттарға қатысты болған. Олардың кадастрлық құны 157,8 млн рубль деп көрсетілген. Компания балансында бар ірі нысандардың бірі Подмосковьедегі үй 2023 жылы сатылып кеткен, сондықтан сипаттамаға сәйкес келмейді. Ал «Газпром» топ-менеджерлеріне арналған жабық «Богородское» коттедж қалашығындағы Боранбаевтың жылжымайтын мүлкі есептегі көрсеткіштерге дәл келеді.

Онда кәсіпкердің иелігінде 86 сотық жер, 1,8 мың шаршы метрлік бас үй, 425 шаршы метрлік қонақ үй және 411 шаршы метрлік аяқталмаған құрылыс болған. 2022 жылғы кадастрлық құны 148 млн рубль болса, 2024 жылға қарай 157,8 млн рубльге жеткен. Ал нарықтағы нақты бағасы 2023 жылы шамамен 1 млрд рубль немесе 5 млрд теңге деп есептелді.

Алаяқтар Боранбаев қамауда отырғанда, 2023 жылы осы мүлікті сатқанға ұқсайды. Әдетте Ресейде мұндай сот процестері жылдар бойы созылады. Бірақ бұл жолы небәрі бір жылдан сәл аса уақыт ішінде мәміле жарамсыз деп танылды. Бұған ықпал еткен жағдайдың бірі – Боранбаевтың «Консалтинггаз» ЖШС-і дәл сол жылы осы мүлікті Тимур Құлыбаевтың компаниясына берешекті қамтамасыз ету үшін кепілге қойғаны. Оның үстіне қарыз ресейлік құрылымға емес, Қайраттың ағасы Талғат Боранбаев басқаратын қазақстандық «LPG Дистрибьюшн» серіктестігіне қатысты болған. Осы фактор мәміленің заңсыз деп танылуына әсер еткен болуы мүмкін.

Боранбаевтың енді бұл мүлікте тұрмайтыны анық. Аудиторлық есепке сәйкес, ол аталған активті, сондай-ақ компания балансында қалған көліктерді биылғы жылы сатуды жоспарлап отыр. Түскен қаржы – миллиардтаған теңге – БАӘ-де тіркелген Nexta FZE компаниясына қарызды өтеуге жұмсалмақ. Айта кетсек, бұл компанияны да Қайрат Боранбаев бақылауда ұстайды. Ол қамауға алынардан бірнеше ай бұрын ғана Латвия арқылы осы құрылымның шотына 16 млрд теңгеге жуық қаржы аударған.

Сарапшылар атап өткендей, мұндай схема қазір Мәскеудегі көптеген ауқатты азаматтар арасында кең таралған. Қайрат Боранбаев та бұл үрдістен тыс қалған жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар