Алатау-Алматы бағытына 10 минутта жететін аэротакси енгізіледі

Қаракөз Амантай 20 нау. 2026 13:41

Алатау қаласынан Алматыға дейін әуе таксиімен небәрі 10–15 минутта жетуге мүмкіндік туады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, Алатау қаласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – төмен биіктегі әуе экономикасын қалыптастыру. Яғни, дрондар мен әуе таксилерді пайдалану арқылы жаңа көлік жүйесін енгізу көзделіп отыр.

Бозымбаевтың сөзінше, Алатау Қытайдан тыс жерде алғаш рет осындай технологияларды ұзақ қашықта, 120 метрден жоғары биікте сынақтан өткізетін алаңға айналмақ.

Сондай-ақ ол бұл бағытта халықаралық компаниялармен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

“Қазір АҚШ-тың осы саладағы жетекші компанияларының бірі – Joby Aero және Қытайдың AutoFlight компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бірқатар құжаттарға қол қойылды. Бұл компаниялардың аэротаксилеріне қазірдің өзінде 15 жылға кезек бар”, – деді вице-премьер.

Жоба аясында арнайы квадропорттар салу жоспарланған. Олар Алатау, Қонаев қалаларын, Алматының бірнеше нүктесін және туристік аймақтарды өзара байланыстырады. Нәтижесінде жолаушылар Медеу шатқалына, тау кластеріне немесе Қапшағай жағалауына әуе такси арқылы жылдам қатынай алады.

“Бұл туризмді дамытуға үлкен серпін береді. Біз бұл бағыт бойынша жылына шамамен 8 миллион туристі тартуға болады деп отырмыз”, – деді Бозымбаев.

Оның сөзінше, әуе таксилердің жылдамдығы сағатына 300–350 шақырымға дейін жетеді.

“Алғашқы кезеңде, алдағы 2–3 жыл ішінде Алатау, Алматы және Алматы облысы арасындағы әуе қатынасы 10–15 минутты ғана алады. Бұл – арнайы бөлінген әуе дәліздері арқылы жүзеге асатын, көбіне пилотсыз авиация болады”, – деп түйіндеді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove