Алакөлге демалушыларды жаңарған вагондармен жетеді

Dalanews 27 ақп. 2022 10:14 927

Жаңа демалыс маусымында Алакөл көліне жақсартылған пойыз вагондары қатынайды. Көпшілік жиі айтатын «вагондарда кондиционер жоқ, іші ыстық, суы жоқ, вагондар тозып кеткен» дейтін шағымдарды ескеріп, әкімдік «ҚТЖ» АҚ-мен тиісті келісімдер жасасуда. Бұл туралы Талдықорғандағы Журналистер үйінде өткен брифинг кезінде «ҚазТАГ» ақпарат агенттігі тілшісінің сұрағына жауап берген Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Талдықорғаннан Балқаш көліне дейінгі жолдың құрылысына биыл қосымша қаржы бөлу қарастырылып жатыр, жұмыстар жалғасады. Талдықорған – Өскемен республикалық жолының Алакөлге дейінгі учаскесінің құрылысы тиісті жұмыс кестесіне сәйкес аяқталатын болады.

– Біз қазір «Қазақстан Темір Жолы» АҚ басшылығымен жаңа маусымда Алакөлге жақсы вагондар жүргізу туралы сөйлесіп жатырмыз. Бір-екі аптада бұған қатысты екі жақты тиісті құжатқа қол қоямыз. Балқаш көлі жағалауында да туристік аймақ болады. Тиісті жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып алынған. Тек алдымен осы демалыс аймағына қонақ үй және басқа да туристік нысандар салғысы келетін инвесторларды анықтап алуымыз керек. Содан соң ғана инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын бастаймыз. Құрылыс жұмыстарының техника-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттары дайын, – деді Қанат Бозымбаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар