Алакөлде «Мектепке жол» акциясы жалғасуда

Dalanews 09 қыр. 2021 07:18 863

«Кең болсаң – кем болмайсың» - демекші, аудан жұртшылығы «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясына бір жұдырықтай жұмылып, қайырымдылық жасап, жарысуда.

Акцияның басты мақсаты: әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, ата – анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде материалдық және басқа да көмек көрсету болып табылады. Осы орайда, аудан әкімдігі және бөлім – мекеме басшылары, Алакөл ауданының бас имамы Ә.Омарханұлы, Үшарал қазақ гимназиясының ұстаздары, ата – аналары мен жеке кәсіпкерлері және №31767 «Г» әскери бөлімінің әскери қызметшілері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жалпы 500 ден астам балаға көмек қолұштарын созған.



«Саф алтындай тазалық пен мейірімділікке, жұмсақтық пен кешірімшілдікке үндейтін асыл дініміз ата дәстүрімізбен үйлесім тауып, тамырын тарих қатпарынан тартып келеді. Бүгін, бір Алланың разылығы үшін сауапты істерге ат салысып, аудандық мешіт жамағаты да республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 50 оқушыны мектеп формасы және мектепке қажетті құрал – жабдықтарымен қамтамасыз етті. Жалпы, мешіт қызметкерлері жылда «Мектепке жол» акциясына белсенді қатысып, көмекке зәру жандардың алғысына бөленуде.» - дейді, ауданның бас имамы Әнет Омарханұлы.

«Қолы ашықтың – жолы ашық» - дегендей, Қайырымдылық — көп мағыналы түсінік. Ол мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі.
««Мектепке жол» республикалық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап 30 қыркүйек аралығына дейін өткізіліп, әліде жалғасын тауып келеді. Осыған орай, Үшарал қазақ гимназия мектебінің ұжымы 15 отбасына 150 мың теңге көлемінде азық – түлік пен 90 мың теңгеге киім – кешек түрінде жәрдемдесті. Сонымен қатар, мектебіміздің ата – аналары да 122 мың теңгеге киім – кешек пен оқу құралдарын әлеуметтік аз қамтылған оқушыларға табыстады. Бір айта кетерлігі, аудан бойынша бөлінген демеушілер тарапынан екі оқушыға 71 мың теңге көлемінде көмек көрсетілінсе, өз тарапымнан 40 мың теңге көлемінде оқушыға көмек көрсеттім. Жалпы, акция аясында 473 мың теңгеге жуық қайырымдылық көмек көрсетілді.» - дейді, мектеп директоры Қорлан Құсайнова.

Дана халқымыздың: «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» - деген аталы сөзі бар. Болашақ ұрпаққа үлгі – өнеге болар осындай игі істердің атқарылуы аудан азаматтарының үлесі.



«Бұл акцияның ең жағымды жағы көздері қуанышқа толы бақытты балалардың жүздерін көру. Жас бүлдіршіндердің өмірін алаңсыз және бақытты ету – біздің басты мақсатымыз. Сол себепті, №31767 «Г» әскери бөлімінің әскери қызметшілері де қайырымдылық акциясынан қалыс қалмай өз үлестерін қосып, мектепке киетін киім-кешек, сабақ барысында қолданатын қажетті құрал-жабдықтарын алып берді.» - деді, №31767 «Г» әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары к-н Мирас Калиуллин.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар