Әлеуметтік желіде Павлодардан Болгарияның Бургас қаласына баратын делегацияның тізімі жарияланды. Құжатта сапардың 2026 жылғы 16–17 қыркүйек аралығында өтетіні көрсетілген. Тараған ақпаратқа сәйкес, делегация құрамына Павлодар қаласының әкімі Асхат Хабылбековтің туған бауыры мен депутат Гүлжайна Даримова кірген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сондай-ақ жазба авторлары депутаттың жиені қала әкімдігінде басшылық қызмет атқаратынын мәлімдеді.
Осыған байланысты жұрт бірнеше мәселені көтерді. Олар әкімдіктен әлеуметтік желіде тараған құжаттың шынайы немесе жалған екенін түсіндіруді сұрады.
Бұған қоса, қала әкімдігі аталған азаматтардың делегация құрамына қандай талаптар бойынша енгізілгенін, олардың Болгарияда қандай жобаларды таныстыратынын және сапар шығындарын кім төлейтінін жариялауға шақырды.
Әзірге Павлодар қаласының әкімдігі бұл мәліметке қатысты ресми жауап берген жоқ.