Әкімнің блогы сезім білдіретін бұрышқа айналды

Әкімнің блогы сезім білдіретін бұрышқа айналды
Павлодар облысы әкіміне жазылған тұрғындардың мыңдаған өтінішінің ішінде бір өтініш ерекше көзге түседі. Наурыздың 14 күні Мұхаммед атты азамат Болат Бақауовтың блог-платформасын сезімін білдіру үшін пайдаланған.

«Жастар саясаты» бөліміне стандартты шағымдардың орнына, махаббат хаты жарияланған.
«Қайырлы таң! Бүкіл әлемге оны сүйетіндігімді айтып, айқайлағым келіп тұр! Оның есімі – Динара. Бұл менің ең сүйікті есімдерімнің бірі. Оның әрдайым жанымда және бірге болғанымызды қалаймын. Түнде оның тәтті пысылынан оянғым келеді», – делінген хабарламада.

Әкім өз кезегінде жас жігіттің сезімін аяқасты қалдырмай, жауап жазды.
"Қайырлы күн, құрметті Мұхаммед! Өз сезіміңізді бізбен бөліскеніңізге рахмет! Сіздер үшін қуаныштымыз! Бақыт пен сәттілік тілейміз!" – деп жазды Бақауов.

Әкімдіктің баспасөз қызметі креативті хатқа түсіністік танытқан.

– Қазір көктем, наурыз айы, адамдардың сезімі оянатын кез. Жас жігіт сүйіктісіне облыс әкімінің блогы арқылы сезімін білдіріп, таң қалдырғысы келген болар, – деп пікір білдірген облыс әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Бәйтенов Tengrinews порталына.

 

Дереккөзі: baq.kz