Әкесін үйінен шығармақ болған қызы сотта жеңілді

Әкесін үйінен шығармақ болған қызы сотта жеңілді
depositphotos.com

Қазақстанда кассациялық сот қыздың өз әкесін үйден шығару туралы талабын заңсыз деп танып, төменгі сатыдағы соттардың шешіміне нүкте қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс материалдарына сәйкес, үйдің заңды иесі саналатын әйел әкесін тұрғын үйден шығару туралы талаппен сотқа жүгінген. Алайда сот жауапкердің бұл үйде заңды негізде тұрып жатқанын анықтаған.

«Талап қоюшы әкесін тұрғын үйден шығару туралы талаппен сотқа жүгінді. Ол бұл талабын үйге меншік құқығының өз атына тіркелуімен негіздеген. Алайда жауапкер талап қоюшының туған әкесі болып табылады. “Тұрғын үй қатынастары туралы” заңның 68-бабына сәйкес, тұрғын үй иесінің отбасы мүшелері меншік иесімен тең дәрежеде осы тұрғын үйді пайдалануға құқылы. Жауапкер 2022 жылдың қыркүйегінен бері аталған үйде заңды негізде тұрып келеді және осы уақыт ішінде талап қоюшы оның тұруына қарсылық білдірмеген», – деп хабарлады Кассациялық соттардың баспасөз қызметі.

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот қыздың талабын қанағаттандырып, әкесін үйден шығару туралы шешім шығарған.

Алайда апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тартқан. Кейін кассациялық сот та апелляциялық инстанцияның ұстанымын қолдап, әкені тұрғын үйден шығару туралы талап заң талаптарына қайшы деген қорытындыға келді.

«Жауапкердің жалғыз баспанасына қатысты құқықтарының бұзылғанын ескере отырып, апелляциялық сот талап қоюшының оны үйден шығару туралы талабын заңсыз деп таныды. Кассациялық сот азаматтық істер жөніндегі алқаның бұл қорытындысын “Тұрғын үй қатынастары туралы” заң талаптарына сәйкес деп танып, апелляциялық қаулыны күшінде қалдырды», – делінген сот хабарламасында.