Қостанай облысында әйелін өлтіріп, мәйітін даладағы әжетхананың шұңқырына жасырған ер адам 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайғылы оқиға биыл ақпан айында Қостанай облысының Ұзынкөл ауданындағы Ұбаған ауылында болған.
Тергеу материалдарына сәйкес, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал кезінде ер адам әйелін тұншықтырып өлтірген. Кейін оның мойнына пышақ сұғып, мәйітті даладағы әжетхананың шұңқырына жасырып, үстін қар мен шөппен көмкерген.
Осыдан кейін сотталушы екі айға жуық уақыт бойы туыстарына әйелінің жұмыс іздеп кеткенін айтып, оны іздеп жатқандай кейіп танытқан.
Сот ер адамды жұбайын қасақана өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 11 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар сот шешімімен жәбірленуші тараптың пайдасына 10 млн теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысы, сондай-ақ материалдық шығын мен іс жүргізу шығындары өндірілетін болды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.