Айдос Сарым Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына қатысты пікір білдірді

Айдос Сарым Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына қатысты пікір білдірді
ашық дереккөзден

Мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты істі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланыстыруға нақты негіз жоқ. Бұл туралы саясаттанушы, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым 2025 жылы 23 наурызда "Sadaq media" арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың пікірінше, мұндай ауыр оқиғаны белгілі бір адамға, соның ішінде Назарбаевқа тікелей телу үшін нақты дәлелдер болуы қажет. Ол қоғамда бұл тақырыпқа қатысты түрлі пікір айтылғанымен, құқықтық және тарихи баға дерекке сүйенуі тиіс екенін атап өтті.

"Кезінде Рысбек Сәрсенбаев ағамыз эмоциямен біраз дүниені айтып жіберді. Әлі де айтып жүр. Бірақ оған дәлел жоқ қой. Ол жерде Назарбаевтың құлағы көрінуі мүмкін. Бірақ әділет деген болуы тиіс қой, жобалап, ымдап болса да дәлелдей алған адам жоқ. Мен өз басым Алтынбектің өлімін Рахат Әлиевке жақындатам. Алтынбекпен жылдап араласқан, әлі күнге дейін сол ортада жүрген біраз азаматпен араласам. Бірақ олардың ешқайсысы да тікелей Назарбаевтан көріп жатқан жоқ. Бұл Рысбектің өзінің ұстанымы, өзінің жеке пікірі. Кезінде Алтынбектің жанында жүрген, қағазын жазып беріп жүрген Рысбек емес, мен болатынмын. Мен оны жақсы білемін", – дейді Айдос Сарым.

Сондай-ақ Айдос Сарым Алтынбек Сәрсенбайұлының адамдық болмысы мен мінезіне қатысты да ойын айтты. Депутаттың сөзінше, саясаткердің кейбір адамдарға реніші болған, алайда уақыт өте келе оның көзқарасы өзгеріп, көптеген мәселеге сабырмен қарай бастаған.

"Алтынбек өте кекшіл адам болды. Көп адамды жек көрді. Солардың бірі – Серік Әбдрахманов еді. Екінші бір адам болды. Ол – Балташ Тұрсынбаев болатын. Бірақ уақыт өте келе өзгерді, саналы ғұмырында өзінің жек көретін адамдармен татуласып, солардың деңгейіне түсіп, сөйлескенін көрдім", – дейді депутат.