Аида Балаева Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамытудың маңыздылығы туралы айтты

Аида Балаева Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамытудың маңыздылығы туралы айтты
Ашық дереккөз.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамытудың маңыздылығы туралы пікір білдіріп, өзі ағзаларын донорлыққа беруге келісім беретінін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, бұл ой оған «Хабар» агенттігі түсірген «4739» деректі фильмін көргеннен кейін келген.

Аида Балаева қазіргі таңда Қазақстанда 4739 адам ағза трансплантациясын күтіп отырғанын, олардың арасында 125 бала барын атап өтті. Оның сөзінше, елімізде трансплантациялардың шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады, ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді.

Сонымен бірге министр донор болу немесе болмау – әр адамның жеке таңдауы екенін айтты.

«Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді. Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін», – деп жазды Аида Балаева.

Министрдің пікірінше, бұл мәселені қорқынышпен немесе қысыммен емес, өзара түсіністікпен, жауапкершілікпен және адам өміріне деген құрметпен талқылау қажет.

Сондай-ақ ол трансплантацияны күтіп отырған әрбір адамның артында өмірге деген үлкен үміт тұрғанын айтып, сол үмітті үзбеу қоғамның ортақ адамгершілік міндеті екенін жеткізді.