"Айбын-2026" жиынына дайындық: Ақмола облысында жол жөндеуге шамамен 2 млрд теңге бөлінді

"Айбын-2026" жиынына дайындық: Ақмола облысында жол жөндеуге шамамен 2 млрд теңге бөлінді
Фото: ЖИ

Ақмола облысында халықаралық әскери-патриоттық "Айбын-2026" жастар жиынына дайындық аясында жол жөндеу жұмыстарына шамамен 2 миллиард теңге бөлінген. Алайда бұл қаражаттың едәуір бөлігі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге емес, жол инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Goszakupturaly телеграм парақшасының мәліметінше, мемлекеттік сатып алу порталында 29 мамыр күні жалпы құны 1,6 миллиард теңгеден асатын екі келісімшарт жарияланған. Екі жобаның тапсырыс берушілері әртүрлі болғанымен, мердігер компания бірдей.

Алғашқы келісімшарт бойынша облыстық маңызы бар жолдардың 56 шақырымы жөнделмек. Бұл мақсатқа 719 миллион теңге қарастырылған. Жоба аясында жолдың жекелеген учаскелерін қалпына келтіру, жол белгілерін орнату және жол таңбаларын сызу жұмыстары жүргізіледі.

Екінші келісімшарт Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің "Амандық" оқу-жаттығу орталығына апаратын жолға қатысты. Ұзындығы 6 шақырым жол мен 1,3 шақырым ішкі жолдарды ағымдағы жөндеуге 893,5 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

Қоса берілген құжаттарда "Айбын-2026" халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізуге байланысты Ақмола облысына республикалық бюджеттен 1 млрд 999 млн 906 мың теңге көлемінде нысаналы трансферт бөлінгені көрсетілген.

Сонымен қатар аталған жол жөндеу жұмыстары конкурс өткізілмей, тікелей келісімшарт жасау арқылы рәсімделген. Құжаттарда мұндай тәсілдің нақты себебі де, мердігер компанияның қандай негізде таңдалғаны да түсіндірілмеген.

Сондай-ақ жарияланған материалдарда "Айбын-2026" жиынын өткізу қажеттілігі саяси, экономикалық немесе әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіретін жағдайлармен қалай байланысты екені жөнінде де нақты түсініктеме берілмеген.

Осылайша, жол жөндеуге қатысты бұл сатып алулар биылғы жылы мемлекеттік сатып алуларда жиі байқалып отырған үрдісті — жол құрылысы мен жөндеу жобаларының бәсекелі тендерлерден тыс, тікелей келісімшарттар арқылы жүзеге асуын тағы бір мәрте көрсетті.