АЭС құрылысы мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, өңір дамуына серпін береді – Лихачёв

Қаракөз Амантай 08 там. 2025 18:04

8 тамызда Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында еліміздегі алғашқы ірі қуатты атом электр станциясының құрылысына арналған инженерлік іздестіру жұмыстары ресми түрде басталды. “Росатом” бас директоры Алексей Лихачёвтың айтуынша, бұл жоба мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қуатты серпін береді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Жоба аясында станцияның өзінде мыңдаған, ал оған қажет инфрақұрылымда ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін. Ресей Федерациясында болсын, Еуропа, Азия, Африка немесе Оңтүстік-Шығыс Азиядағы нысандарымызда болсын, жоба іске асқан сәттен бастап санаулы жыл ішінде өңірлердің дамуында орасан серпіліс болатынына куә болып келеміз.”, – деді Лихачев.

Ол бұған Беларусьтегі Островец, Түркиядағы Аккую және Бангладештегі Руппур қаласын мысал ретінде келтірді.

“Көз алдымызда өңірлердің келбеті өзгергені байқалады. Бірақ бұл бастысы емес. Ең маңыздысы адамдар өзгереді. Халық білімге ұмтылады. Жастар мен орта буын өздерін жетілдіріп, үлкен жұмысқа дайындала бастайды. Бұл өмір сүру сапасын арттырады, білім деңгейін көтереді”, – деп атап өтті ол.


Лихачевтың сөзінше, “Росатом” АЭС салынатын аймақтарда мектептер салып, жергілікті жастарды атом энергетикасы мамандықтарына оқытуға мүдделі.

“Әрине, біз мектептер саламыз. Біз үшін сол өңірлердің жастарын атом энергетикасы мамандықтарына оқыту тиімді. Себебі олардың үйі, отбасылары осы жерде, өздерінің туған жерінде. Дәл осындай ортада болашақ атомшылар әулеті қалыптасады.”, – деді ол.

АЭС салтанатты шарасы қалай өтті?

Айта кетейік, бүгін Үлкен ауылында алғашқы АЭС құрылысына байланысты салтанатты шара өтті.

Мақсаты – болашақ нысанға ең қолайлы алаңды анықтап, жобалық құжаттаманы әзірлеу.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және “Росатом”  мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв қатысты.

“Росатомның” инжинирингтік дивизионының мамандары алғашқы барлау ұңғымасын бұрғылап, топырақ сынамаларын алу жұмыстарына кірісті. Бұл зерттеулер аумақтың сейсмикалық тұрақтылығын, гидрогеологиялық ерекшеліктерін және өзге де параметрлерін бағалауға мүмкіндік береді. Мұндай бағалау болашақ станцияның сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің міндетті шарты болып табылады. Осы кезеңде кемінде 50 ұңғыма бұрғыланып, олардың тереңдігі 30-дан 120 метрге дейін жетеді. Алынған деректердің негізінде АЭС-тің нақты орналасу орны айқындалады.

Инженерлік іздестірулердің басталуы – АЭС жобасының қауіпсіздігіне, сенімділігіне және экономикалық тиімділігіне тікелей әсер ететін маңызды кезең. Дәл осы жұмыста аумақтың геологиялық, сейсмикалық, гидрологиялық және экологиялық сипаттамалары кешенді түрде зерттеледі. Зерттеу нәтижелері станцияны орналастыру жөніндегі түпкілікті шешім қабылдауға негіз болады. Бұл іздестірулер жобаның халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етіп, экологиялық және техногендік қауіптерді азайтуға, болашақ атом электр станциясын тиімді жобалауға мүмкіндік береді.

“Үлкендегі инженерлік іздестірулердің басталуы – Қазақстанның заманауи тарихындағы алғашқы ірі қуатты атом электр станциясына бастайтын жолдың алғашқы қадамы. Бұл кезеңде біз алаңның болашақ атом станциясы үшін толық қолайлы екеніне сенімді болу мақсатында мұқият зерттеуге баса назар аударамыз. “Росатом” Қазақстанның дамуы үшін стратегиялық маңызы зор осы жобаны жүзеге асыруға бар тәжірибесін қолдануға дайын”, – деді “Росатом” мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв.

Алмасадам Сәтқалиев те бұл сәттің тарихи мәніне тоқталды.

“Бүгінгі күн – тек алғашқы қадам. Бірақ дәл осы әрекет Қазақстанның экономикасында жаңа жоғары технологиялық саланы қалыптастыру жолын айқындайды. Біз АЭС құрылысы заманауи инфрақұрылымнан бастап жаңа мектептер, балабақшалар мен әлеуметтік нысандарға дейін өңірдің дамуына қуатты серпін береді деп сенеміз. Бұл жоба – Қазақстанның стратегиялық таңдауы, өңір мен елдің ұзақ мерзімді экономикалық өсімінің драйвері”, — деп атап өтті.

Болашақ станцияның негізінде электр қуаты 1200 МВт болатын III+ буынның заманауи ВВЭР-1200 су-су энергетикалық реакторлары орнатылады. Бұл технология ең қатаң халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай және қазіргі уақытта Ресей, Беларусь, Түркия, Бангладеш, Мысыр және Қытайдағы қолданыстағы әрі салынып жатқан нысандарда табысты пайдаланылып келеді. Реактордың қызмет ету мерзімі – 60 жыл, қосымша 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы маусымда “Росатом” Қазақстандағы АЭС құрылысы жөніндегі халықаралық консорциумның жетекшісі болып айқындалды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар