Белгілі адвокаттар Рена Керимова мен Ғалым Нұрпейісов Бишімбаевқа қатысты шыққан үкім туралы ойын айтты. Керимованың сөзінше, Бишімбаевты өмір бойына соттау – артық болар еді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Бұл too much (артық) болар еді. Қоғамдық қысымның кесірінен сондай жаза тағайындалар еді. Бұл іс категориясы бойынша маньяктар, қатыгез адам өлтірушілер өмір бойына сотталар еді. Мен бұған дейін де 20-25 жыл аралығындағы жаза тағайындалатынын айтқан болатынмын. Өмір бойына сотталатынына сенбедім. Әрине, ол өмір бойына сотталса да әділ болар еді», - дейді Рена Керимова Orda.kz басылымына берген сұхбатында.
Адвокаттардың сөзінше, Бишімбаев Қазақстанда әйелін өлтіргені үшін ең ауыр жаза тағайындалған.
Ал адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Бишімбаевқа тағайындалған 24 жыл да артық.
«Бұл жерде Бишімбаевтың «Оны өлтіргім келеді» деген пиғылы дәлелденуі керек еді. Немесе жүйелі түрде үнемі қинауы емес, оны әдейі өлтіруі дәлелденуі керек», - дейді адвокат.
Нұрпейісов мысал ретінде күдікті жәбірленушіні 18 рет пышақтап, 12 жылға сотталған жағдай туралы айтты.
«Сот 24 жыл жазаны қоғамдық қысымның кесірінен берді деп ойлаймын. (...) Бұл жерде қылмысты дәлелдейтін құрал (орудие) жоқ. Сондықтан бұл жағдайда Бишімбаевтың басында не болғанын анықтау керек. Оны ақтап отырған жоқпын. Бірақ заң жағынан дұрыс баға беруіміз керек еді. Істе интим элементтер болса да процесс ашық өтті», - дейді Ғалым Нұрпейісов.
Еске салайық, 13 мамырда Бишімбаев ісі бойынша үкім шыққан болатын. Алқабилер шешімі бойынша, Бишімбаев 24 жылға, Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.