Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда соңғы жылдарда жүзеге асырылған ауқымды реформалар туралы мәлімдеп, ел дамуының жаңа бағытын нақтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда ауқымды экономикалық және институционалдық реформалар жүргізілді. Біздің мақсатымыз айқын – барынша әртараптандырылған, инклюзивті және келешекке бағдарланған экономика құру. Экономикалық өсім орнықты болумен қатар, оның игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс”, — дейді ол.
Мемлекет басшысының сөзінше, “Әділетті Қазақстанды” құру жолында елеулі жұмыстар атқарылып жатыр.
“Елімізді түбегейлі жаңғыртып, Әділетті Қазақстанның негізін қалау үшін мемлекеттілікті нығайтуға көп күш-жігер жұмсап жатырмыз. Жалпыұлттық референдум арқылы Конституциямызға өзгеріс енгізіліп, басты билік институттарына реформа жасалды. Біз суперпрезиденттік жүйеден бас тарттық. "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидасын басшылыққа алатын, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бар президенттік республика жолын таңдадық. Бұл тұжырым Қазақстандағы саяси жүйенің ерекшеліктеріне мейлінше лайықты модель екеніне кәміл сенемін”, — деп қосты ол.
Президент өкілеттілігі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелді. Тоқаев бұл шешімді ел тарихындағы бұрын-соңды болмаған қадам ретінде бағалап, оның саяси жүйені нығайтуға, экономиканы дамытуға және өркениетті қоғам құруға ықпал ететініне сенім білдірді.
“Президент – халықтың белгілі бір мерзімге, біздің жағдайымызда жеті жылға жалдаған менеджері”, — деп түйіндеді ол.