«Әділет» партиясының III кезектен тыс съезі басталды

«Әділет» партиясының III кезектен тыс съезі басталды
Dala News

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Әділет» партиясының III кезектен тыс съезі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Съезге еліміздің барлық өңірінен 1000-нан астам делегат, партияның облыстық филиалдарының өкілдері, қоғамдық ұйымдар, сарапшылар қауымдастығы және арнайы шақырылған қонақтар қатысып жатыр.

Пленарлық отырыс алдында партияның Саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда съездің күн тәртібі мен партия қызметінің негізгі бағыттары талқыланды.

Съезд барысында делегаттар сайлауалды бағдарламаны, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітеді. Сонымен қатар партия жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, мүшелік жарналардың мөлшерін айқындау және қорытынды қаулыны қабылдау жоспарланып отыр.

Партияның мәліметінше, 10 шілдеге дейін ұйымдық құрылым толық қалыптастырылған. Өңірлік желі құрылып, басқарушы органдар жасақталған. Өңірлік саяси кеңестердің құрамына 808 адам, ал бақылау-тексеру комиссияларына 100 адам енген.

Олардың қатарында шағын және орта бизнес, білім мен ғылым, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіподақтар, мәдениет, спорт, өнеркәсіп, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары, экономика, құқық, ІТ және креативті индустрия салаларының өкілдері бар.

Айта кетейік, «Әділет» партиясы түрлі кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің бастамасымен құрылған. Партияның құрылтай съезі биыл 7 мамырда Астанада өтті. Ал 1 маусымда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі партияны ресми түрде тіркеді.

Қазіргі уақытта партияның III кезектен тыс съезі жалғасып жатыр.