«Әділет» партиясының III кезектен тыс съезінде Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін өтетін алғашқы Құрылтай сайлауы елдің саяси жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі болмақ. Оның сөзінше, партия сайлауға кәсіби командамен және нақты бағдарламамен қатысады.
Бекітілген тізімге мемлекеттік қызметте, заң шығару саласында, білім беру, экономика, қаржы, құқық және қоғамдық секторда танылған тұлғалар енді.
Кандидаттардың қатарында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин, бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Жоғары аудиторлық палатаның бұрынғы төрайымы Наталья Годунова, заңгер әрі конституциялық құқық саласының маманы Марат Бәшімов, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, депутат Константин Авершин, қоғам қайраткері Александр Данилов, энергетика саласының өкілі Сұңғат Есімханов, медиа саласының өкілі Раушан Қажыбаева, қоғам белсенділері Снежанна Имашева мен Гүлзира Атабаева, сондай-ақ партия төрағасы Айбек Дәдебай бар.
Сонымен бірге партиялық тізімге бұрынғы АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров, қоғам қайраткері Рауан Кенжеханұлы, IT, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, мәдениет, ғылым және азаматтық қоғам салаларының өкілдері енгізілді.
Партия мәліметінше, кандидаттар арасында мемлекеттік қызметшілермен қатар дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, кәсіпкерлер, заңгерлер, ғалымдар, IT-мамандар, шығармашылық индустрия өкілдері және еріктілер бар. Әйелдер мен жастарға да партиялық тізімнен елеулі орын берілген.
Айта кетейік, «Әділет» партиясы биыл мамыр айында құрылып, 1 маусымда Әділет министрлігінде ресми тіркелді. Партия жаңа Конституция аясында өтетін алғашқы Құрылтай сайлауына қатысып отырған жаңа саяси күштердің бірі саналады.