Freedom Inside '26

Әділет министрі: Алты жоғары лауазым екі ай ішінде қайта тағайындалады

Әділет министрі: Алты жоғары лауазым екі ай ішінде қайта тағайындалады
Ашық дереккөз

Қазақстанның Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін мемлекеттік билікті қайта қалыптастыру кезеңі қалай өтетінін түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап Конституцияның өтпелі ережелері іске қосылып, мемлекеттік органдарды жаңадан қалыптастыру процесі басталады.

«Мұның барлығын шілде-тамыз айларының ішінде көресіздер. Заңнамалық тұрғыдан алғанда бәрі Конституцияда көзделген. Егер осы екі айдың ішінде қандай да бір заң қабылдау қажет болса, жаңа Конституция бойынша екі мүмкіндік бар. Біріншісі – Президент шұғыл қажеттілік туындаған жағдайда заң күші бар жарлық шығара алады. Екіншісі – Конституцияда тікелей көрсетілген жағдайлар орын алса, Үкімет уақытша заң күші бар қаулылар қабылдай алады. Тек осындай жағдайда ғана заңнамалық түзетулер енгізуге мүмкіндік беріледі», – деді Ерлан Сәрсембаев.

Оның сөзінше, өтпелі кезеңнің барлық рәсімі Конституцияның 94, 95 және 96-баптарында нақты жазылған.

«Ертеңнен бастап жаңа Конституция күшіне енеді. Өтпелі ережелердің барлығы Конституцияның 94, 95 және 96-баптарында егжей-тегжейлі көрсетілген. Ертеңнен бастап алты лауазымды тұлға екі айдың ішінде қайта тағайындалуы тиіс. Сонымен қатар жаңа мемлекеттік саяси кезең басталып, Құрылтай сайлауына дайындық жарияланады. Ал қыркүйек айында Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатады. Осыдан кейін Құрылтайдың келісімімен Вице-президент, Үкімет мүшелері және Конституцияда көрсетілген басқа да лауазымды тұлғалар тағайындалады», – деді министр.

Журналистер қайта тағайындалатын алты лауазым туралы сұрағанда, министр олардың Конституцияда нақты көрсетілгенін айтты.

«Бұл лауазымдардың барлығы Конституцияның 95-бабында көрсетілген. Олар – Бас прокурор, Ұлттық банк төрағасы, Жоғарғы соттың төрағасы, Жоғары сот кеңесінің төрағасы және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл. Осы санаттағы лауазымдар ертеңнен бастап екі айдың ішінде қайта тағайындалуы тиіс. Қазіргі қызмет иелері қала ма деген сұраққа келсек, оны ертеңнен бастап көретін боламыз», – деді Ерлан Сәрсембаев.