SpaceX компаниясы алдағы онжылдықтарда Ай мен Марста өзін-өзі дамытатын қалалар салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Dala News.
Компания негізін қалаушы Илон Масктың айтуынша, Айдағы алғашқы қала шамамен алдағы 10 жылға жетпей пайда болуы мүмкін. Ал Марста толыққанды қала тұрғызу үшін 20 жылдан астам уақыт қажет болады. Соған қарамастан, SpaceX Марс қаласының іргетасын қалауды алдағы 5–7 жыл ішінде бастауды көздеп отыр.
Масктың сөзінше, бұл қалалар ұзақ мерзімді перспективада Жерден тәуелсіз өмір сүре алатын, өзін-өзі қамтамасыз ететін инфрақұрылымға ие болуы тиіс. Мұндай қадам адамзаттың ғарышта тұрақты өмір сүруіне жол ашып, өркениеттің дамуын жаңа деңгейге шығармақ.
SpaceX бұған дейін де Марсты игеру адамзаттың аман қалуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін бірнеше рет мәлімдеген. Компания бұл жобаны тек ғылыми эксперимент емес, болашақтағы нақты қоныс ретінде қарастырып отыр.
