Депутат Нүргүл Тау Мәжілісте тұрғын үй құрылысы нарығындағы былық-шылықтардың бетін ашып, көптің ойындағы келелі мәселелерді көтерді. Сөйткен халық қалаулысы ортаға үш ұсыныс тастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ипотекалық несиеге баспана сатып алған адам неге екі рет "желінуі" тиіс?
Ол өзінің депутаттық сауалында қазір баспана сатып алуда көп адам екі рет несие тіркетуге мәжбүр екенін баса атап көрсетеді. Біріншісінде – баспананың басына төлейді, екіншісінде – жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тағы қосымша шығындалады.
"Бұл дұрыс емес. Құрылыс компаниялары баспананы дайын күйінде сатуы тиіс, яғни жөндеу жұмыстары жүргізілген күйде. Мұндайда баға қымбаттамас үшін әр пәтердің жөндеу жұмысының ақысы салымшымен арадағы келісімшартта алдын ала айқындалуы тиіс деп санаймын. Сонда халықты несиелендіру статистикасын әлдеқайда төмендетуге болар еді", - дейді депутат.
Үкімет жалға берілетін пәтердің шекті бағасын белгілеп беруі керек
Сондай-ақ, оның айтуынша, Қазақстанда 4,5 млн адам баспанасыз жүр, оның 1,3 миллионы – жастар. Қазір елімізде осынша адам баспана жалдап жүр.
"Ал пәтерді жалға беру ақысы жылдан жылға өсіп келеді. Удай қымбат. Сондықтан осы нарықтағы бағаны реттеу керек деп санаймын. Яғни, Үкімет жалға берілетін пәтердің шекті бағасын белгілеп беруі керек. Бұл процесті қадағалау үшін Бірыңғай жалғы берушілер тізілімін құруды және типтік келісімшарт жобасын бекітуді ұсынамыз", - дейді ол.
Эскроу-шот: үлескерлік тұрғын үй нарығында алақтыққа жол бермеудің амалы бар
Сонымен қатар, депутат құрылыс нарығында эскроу-шот ұғымын енгізуді ұсынады.
Бұл - салынып жатқан үйден пәтер сатып алушы мен құрылыс компаниясы арасындағы есеп айырысу үшін ашылатын банктегі арнайы шот. Оған сәйкес, үлескер ақшаны бұғаттаулы шотқа салады. Құрылыс компаниясы ол ақшаны тұрғын үйді пайдалануға бергеннен кейін ғана алады.
"Эскроу-шот ұғымы біздің заңнамамызға жат емес. Алайда, бұл механизм тек төлем заңнамасы аясында ғана қолданылады. Құрылыс компаниясы шартты бұзған жағдайда салымшы ақшасын қайтара алуы тиіс. Сонда «алдандық, алаяқ болып шықты» деген дау-дамай болмас еді. Бұл – азаматтарымыз тап келіп отырған үлкен мәселе. Кейбір құрылыс компаниялары "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңды айналып өтетін шарттар жасап алған. Бүгінгі таңда елімізде осындай шартқа қол қойған 6,8 мыңға жуық адам зардап шекті. Осыған байланысты осындай шарттарға тыйым салу қажет", – дейді Нүргүл Тау.
Ал құзырлы ведомство құрылыс нарығындағы алаяқтарды аяғынан шалатын эскроу-шот тетігін енгізуге құлықты емес секілді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі депутат сауалындағы осы бір ұсынысқа қатысты пікір білдіріп те үлгерді. Құзырлы ведомство тұрғын үй құрылысы саласына эскроу-шоттарды енгізсе, баспана құны қымбаттауы мүмкін деген пікірде.
"Бұл тетікті енгізу мүдделі мемлекеттік органдармен егжей-тегжейлі пысықтауды талап етеді. Атап айтқанда, Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігімен, Қаржы министрлігімен. Одан соң заңнамаға өзгерістер енгізу қажет болады. Эскроу-шоттарды пайдалансақ, ол тұрғын үй құрылысы нарығына тікелей әсер етеді, нақтырақ айтқанда бастапқы нарықта жылжымайтын мүлік бағасының өсу қаупі туындауы мүмкін. Бұл үлестік сектордың инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай төмендетеді және сатып алу қабілетіне теріс әсер етеді", – деп нақтылайды министрлік.