Элиталық «Арлан» арнайы жасағының қызметкерлері Көкшетауда бұзақылық және адам ұрлау ісі бойынша сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz КазТАГ-қа сілтеп.
Көкшетау қаласының судьясы Назгүл Үзтажанова төрт бұрынғы полицейді алдын ала сөз байласу арқылы жасалған бұзақылық және адам ұрлау бойынша кінәлі деп таныды. Алайда, айыпталушылар жәбірленушілерді өз еркімен босатқанын ескере отырып, бұл бөлім бойынша олар жазадан босатылды. Нәтижесінде сотталғандар екі жылдан екі жыл алты айға дейін бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, пробациялық бақылау белгіленді. Сонымен қатар, сотталғандар жәбірленушілерге 1,8 млн теңге көлемінде моральдық шығын және заңгерлік қызметтердің шығынын өтеуге міндеттелді.
2024 жылдың мамыр айында Көкшетау тұрғыны ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады. Ол бейнежазбада полицейлер еш себепсіз оның бауырларын, олардың біреуі онкологиялық аурумен ауыратын науқас екенін біле тұра соққыға жыққанын хабарлады. Бұл видео әлеуметтік желілерде таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жағдайға қатысты тергеу басталып, оқиғаға «Арлан» арнайы жасағының қызметкерлерінің қатысы бар екені анықталды.
Айыптау материалдары өткен жылдың қыркүйек айында қалалық сотқа түсті. Сот алдында полиция департаментінің оқу-жаттығу взводының төрт бұрынғы инспекторы жауапқа тартылды.
Сотта айыпталушылардың бірі – экс-полицей «Б» 1 мамыр күні арнайы тапсырманы орындау үшін камуфляж киіп, мемлекеттік нөмірі бар қызметтік көлікпен шыққанын айтты. Кешке қарай базаға қайтып келе жатқанда, «ВАЗ 21101» көлігінің жүргізушісі еш себепсіз оларға жарығын қайта-қайта жағып, белгі берген. Полицей жүргізушіден бұл әрекетінің себебін сұрауға тырысқанда, оның агрессивті әрекетіне және балағат сөздеріне тап болғанын айтты. Ал жолаушысы (кейін белгілі болғандай – жүргізушінің кәмелетке толмаған інісі) оларға орынсыз қылық көрсеткен.
Кейін олар көліктерін тұраққа тоқтатып, онда «ВАЗ 21101» жүргізушісі айқайлап, балағат сөздер айтып, оларға шабуыл жасаған. Айғақтарға сәйкес, бұл кикілжің төбелеске ұласқан, содан кейін олар жігіттерді қаладан тыс жерге апарып, босатып жіберген.
Ал жәбірленуші «К» өз кезегінде полицияның қызметтік көлігі олардың жолын кескенін айтып, сол себепті жарығын жағып белгі бергенін мәлімдеді. Олар тұраққа тоқтаған кезде, полицейлер тарапынан соққыға жығылып, кейін өздерін қала сыртына апарып, егер біреуге айтса, өлтіретінін айтып қорқытқан. Жәбірленушілер айыпталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, жәбірленушілер алған соққылардан жеңіл дәрежеде дене жарақатын алған. Сарапшылар олардың денесінде сырылған іздер, көгерулер, ал біреуінде ми шайқалу белгілері барын анықтады.