Абзал Құспан мұнай операторлары басшыларын экологиялық заңбұзушылықтар үшін жауапқа тартуды ұсынды

Абзал Құспан мұнай операторлары басшыларын экологиялық заңбұзушылықтар үшін жауапқа тартуды ұсынды
ЖИ: Dalanews.kz

Мәжілістің бұрынғы депутаты әрі заңгер Абзал Құспан Қашаған жобасының операторын басқарып отырған тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту ықтималдығына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, миллиардтаған айыппұлдардың өзі мұнай компанияларын экологиялық талаптарды сақтауға мәжбүрлей алмай отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Абзал Құспанның сөзінше, әлдеқайда тиімді шара – жоғары басшылықтың жеке жауапкершілігін күшейту. Оның ішінде қылмыстық жауапкершілік те болуы тиіс.

«Лауазымды тұлға қабылдаған шешімі үшін әкімшілік немесе тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін түсінсе, оның экологиялық талаптарды сақтау мәселесіне деген көзқарасы түбегейлі өзгереді», – деді ол.

Қазіргі таңда Қазақстан мен North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы экологиялық айыппұлға қатысты сот дауын жалғастырып жатыр. Даудың сомасы шамамен 5 млрд долларды құрайды.

Бұған дейін Әділет министрлігі NCOC-тың атқарушы директоры Джанкарло Руиге заң талаптары орындалмаған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескерткені хабарланған болатын.

Абзал Құспан кез келген қылмыстық қудалау заң талаптары мен нақты дәлелдерге негізделуі тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл инвесторларға қысым жасалып жатыр деген пікірдің туындауына жол бермеу үшін маңызды.

Айта кетейік, құрамына Shell, Eni, TotalEnergies, ExxonMobil, CNPC, Inpex және «ҚазМұнайГаз» кіретін NCOC консорциумы экологиялық айыппұлды негізсіз деп санайды. Қазіргі уақытта бұл дау халықаралық арбитражда қаралып жатыр. Компания бұған дейін сот талқылауы аяқталғанға дейін айыппұлды төлемейтінін мәлімдеген.