Абай университетінде халықаралық жас ақындар айтысы өтті

Dalanews 10 сәу. 2023 13:01 802

2023 жылғы 6-7 сәуір күні Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Менің пірім - Сүйінбай» кезекті халқаралық жас ақындар айтысы өз мәресіне жетті.

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ұйымдастыруымен, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, белгілі кәсіпкер, Дулат Тастекеевтің демеушілігімен өткен бұл аламан айтыс биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің 95 жылдығына арналды. Осымен жетінші мәрте шымылдығын түрген жыр додасына республика аймақтарынан келген ой-өрісі кең, толғауы терең азулы ақындармен қатар, әлемнің 4 мемлекетінен, атап айтқанда Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және Монғолияның іріктелген жүйріктері мен сөз өнерін пір тұтатын қырыққа жуық дарынды жастар қатысты.

Дүбірлі доданы университет басшысы Дархан Біләлов ашып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде айтыскерлердің орақ тілділігі, от ауыздылығы, сөз көркемдігі, білімділігі, алғырлығы, тапқырлығы, тақырыпты ашу шеберлігімен бірге, Абай университетінің 95 жылдық тарихы, шығармашылық өмірі мен ғылыми жетістіктері, сондай-ақ жастарды өз елін сүюде, оның өркендеуіне өз үлесін қосуда және ұлттық сана-сезімді қалыптастыруда жеткен табыстары туралы кеңінен көсіліп жырлау керектігіне тоқталды. Шара барысында сөйлеген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының Басқарама төрағасы, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері Жүрсін Ерман жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл жастар айтысының маңыздылығына тоқталып, бұл өнер додасының жас ұрпақты тәрбиелеудегі орны өте үлкен екендігн тілге тиек етті, жас жүйріктерге өз батасын берді.

Аламан додаға түсетін жас ақындардың айтысын ақын Жүрсін Ерманнан басқа, ҚР Парламентінің мәжіліс депутаты, ақын Ринат Заитов, «Алаш» халықаралық әдеби сайлығының лауреаты, белгілі ақын Серік Қалиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазыұлы, Ұлытау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы, айтыскер ақын Әнуар Омар, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі қатарлы өнер майталмандары қазылық жасады.

Іс-шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің «Халқымыздың сан ғасырдан келе жатқан қасиетті айтыс өнеріне деген құрметі айрықша. Бұл – кешегі Сүйінбай мен Жамбыл, Біржан мен Сара, Кемпірбай мен Шөже бабаларымыздан қалған асыл өнер. Ұлттық болмысымызды, қазақи құндылығымызды дәріптейтін айтыс өнері тәуелсіз ұрпақтың ұлттық қазынасы деп білемін. Сүйінбай бабамыз атындағы жыр додасының дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы, жастардың бойындағы ақындық дарынды дамытып, суырыпсалма қаблетін шыңдауға, ақындық мектептің қалыптасуына негіз болатын, қазақ руханиятына қосылатын үлкен мұра болатыны сөзсіз» деп ақындарға шалқар шабыт тілеген құттықтау хаты оқылды.

Айтыс екі кезеңнен тұрды. Ақтық кезеңге 18 айтыскер жолдама алды. Сөйтіп жыр жекпе-жегінде жер апшысын қуырған кіл жүйріктердің өнерін көрермен жұрт екі күн бойы тамсана тамашалады. Бәрі де қазақ жоғары оқу орнының қара шаңырағы — Абай атындағы ҚазҰПУ-дың өткен жолы мен ұлттық педагог мамандарды тәрбиелеудегі ерен істерін термелеп, тарам-тарам тарихына терең бойлай білді, университет ұстаздарының ұлағатты еңбектерін бүгінгі қоғаммен байланыстырып, елдік мүдде мен бекем бірліктің баянды болуын тіледі.

Қазылар алқасының шешімімен «Менің пірім – Сүйінбай» дәстүрлі VII халықаралық жас ақындар айтысының Бас жүлдесін Көкшетаудан келген Нұрмахан Жақып иеленді. I-ші орын Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Айым Асылбекқызына бұйырса, II-ші орынды Қырғызстаннан келген Ұлан Тоқтосынов пен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті Ердәулет Сардар еншіледі. Ал, III-ші орынды Батыржан Кәдірбай, Жамбыл Бақытәлі және Қуандық Кежебекұлы өзара бөлісті. Жалпы, айтысқа қатысушы барлық ақынға арнайы жүлделер мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар