Абай университеті Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін ұлттық рухты жаңғыртқан, мазмұны бай әрі тағылымы терең дайындықпен, өте жоғары деңгейде атап өтті.Мұхтар Әуезов атындағы университет стадионында киіз үйлер тігіліп, ән-күй мен жырға көмкеріліп, түрлі ұлттық спорт сайыстары, дефиле мен жәрмеңке, көрме мен ойындар болып, ұлық мейрамға мыңдаған адам қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz
Жаңару мен жасампаздық, мейірім мен ынтымақ символы саналатын бұл мереке – күн мен түн теңеліп, табиғат пен тіршіліктің қайта түлейтін айрықша мерейлі шағы. Қазақтың тұңғыш университеті биыл Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өткенін айта кетуміз керек.



– Ғасырға жуық тарихы бар, қазақ білімінің қарашаңырағы – Абай университеті үшін Наурыз мейрамы айрықша мәнге ие. Бұл – тек табиғаттың жаңаруы емес, рухтың жаңғыруы, адам бойындағы ізгі қасиеттердің қайта түлеуі. Біз бұл мерекені ұлттың бірлігі мен татулығын айшықтайтын, болашаққа деген сенімді нығайтатын ерекше кезең ретінде бағалаймыз. Сондықтан да біздің ұжым жыл сайын Наурызды ұлттық дәстүрмен сабақтастыра отырып, кең көлемде атап өтуді игі дәстүрге айналдырды, – деді Болат Анапияұлы.


Мерекенің тағы бір ерекшелігі – ұлттық спорт ойындарынан «Алтын сақа» апталығыныңбасталуы болды. Қазақ күресі, арқан тартыс, қошқар көтеру, қол күрес және асық ату сынды т.б. ұлттық ойындарға қатысушылар күш-жігері мен ептілігін, төзімділігі мен дәлдігін сынға салды.
Алаңда қыран бүркіттер мен жүйрік тазылардың көрсетілімі ұйымдастырылып, қазақ халқының саятшылық өнері кеңінен насихатталды. Сәйгүлік жылқылардың әкелінуі де мерекенің көркін оданәрі арттырып, көшпелі мәдениеттің айрықша белгісін айшықтай түсті. Шара барысында алып батырлар образындағы өнерпаздардың қатысуы да ерекше әсер қалдырды. Ұлттық киімдегі батырлардың көрінісі арқылы ел қорғаған ерлердің рухы дәріптеліп, көрерменге тарихи сабақтастық пен отансүйгіштік құндылықтар тереңінен жеткізілді.

Қорыта келгенде, бұл күн – Абай университетінің бірлігін бекемдеп, қазақы салт-дәстүрді жаңа қырынан жаңғыртқан, кең алаңда еркін тыныстаған ұлттық рухтың мерекесі ретінде есте қалды.