Абай облысында вейпті заңсыз сатқандарға сот үкімі шықты

Қаракөз Амантай 06 нау. 2026 10:21

Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) заңсыз өткізген жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 20 маусымынан бастап Қазақстанда вейптерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, әкелуге және өндіруге заңмен тыйым салынған.

Соған қарамастан сотталған азамат «Telegram» мессенджеріндегі 3700-ден астам жазылушысы бар арна арқылы никотин құрамды өнімдерді сатуды ұйымдастырған. Заңсыз іске тағы екі адам тартылған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында заңсыз айналымнан 784 электрондық құрылғы мен оларға арналған сұйықтықтар тәркіленді.

Сот үкімімен ұйымдастырушы Қылмыстық кодекстің 301-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Оның екі сыбайласының әрқайсысы 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуге сотталды.

Сонымен қатар қылмыс барысында пайдаланылған автокөліктер мен ұялы телефондар тәркіленді, ал тәркіленген өнімдер жойылады.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Семей қаласының прокуратурасы азаматтарды заң талаптарын сақтауға және тыйым салынған никотин өнімдерінің заңсыз айналымына қатыспауға шақырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove