Ақсуат ауданына қарасты Қожакелді ауылында жергілікті қауымдастықтың саналы таңдауын айқындайтын маңызды кездесу өтті. Атқарушы органдардың өкілдері, ақсақалдар кеңесі, ауыл имамы, полиция бөлімінің бастығы, учаскелік инспектор және ауыл тұрғындары негізгі әлеуметтік мәселелерді талқылады. Нәтижесінде бірауыздан алкогольді ішімдіктерден толық бас тартуға шешім қабылданды,-деп хабарлайды Dalanews.kz
Шешімнің негізінде дәстүрлі құндылықтар, отбасылық береке және салауатты болашаққа деген ұмтылыс жатыр.
Полиция қызметкерлері соңғы бес жыл ішінде Қожакелдіде алкогольді тұтынуға байланысты бірде-бір қылмыс немесе құқық бұзушылық тіркелмегенін атап өтті. Бұл ауыл тұрғындарының жоғары әлеуметтік жауапкершілігін және ақсақалдардың жастарды парасаттылық жолына бағыттаудағы маңызды рөлін көрсетеді.
«Біздің таңдауымыз – бұл тыйым емес, болашақ ұрпаққа аманат етер игілікті өмірге саналы ұмтылыс», – деді ауыл ақсақалдарының бірі.
Осыған дейін өңір бойынша Кеңгірбай би, Бөкенші және Кіндікті ауылдарының тұрғындары да ішімдіктен бас тартқан.