Абай облысында «Мейірім» акциясы аясында колледж түлегіне 4 млн теңгенің сертификаты табысталды

Dalanews 02 қаз. 2024 17:58 1283

Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға бағытталған «Мейірім» акциясы аясында Жарма технологиялық колледжінің түлегі Алена Голубоваға 4 млн теңгенің сертификаты табыс етілді.

Аленаға 2012 жылдан бері «Семей қаласының №1 емханасы» МКҚК әлеуметтік-патронаттық көмек көрсетіп келеді.

2012 жылдан бастап емхана ұжымы оның «Отбасы Банкіндегі» шотына өз жалақыларының 1%-ын аударып отырған. 12 жыл ішінде жиналған 4 019 028 теңге Аленаның одан әрі білім алуы мен өмір сүруі үшін маңызды қолдау болатыны сөзсіз.

Аленаның көп жылдар бойы тәрбиесі мен қолдауды патронаттық қызмет тәрбиешісі Жанна Динслямова қамтамасыз етті.

Айта кетейік, Алена жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бағдарлама бойынша 2023 жылы пәтер алған. Енді ол жиналған қаражатқа үйіне жиһаз алуды жоспарлап отыр.

«Мейірім» акциясы қоғамның назарын жетім балалардың мәселелеріне аударуға және отбасылық тәрбиені насихаттауға бағытталған. Қазір облыста түрлі ұйымдарға бекітілген 222 бала акцияға қатысуда. Қазірдің өзінде олардың есепшотына 28 млн теңгеден астам қаржы аударылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар