Абай облысы мен Қытай арасында 1,5 млрд долларды құрайтын 15 меморандумға қол қойылды

Ақтоты Жапатова 20 мам. 2025 15:11

Абай облысының әкімі Берік Уәли бастаған өңір делегациясы Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің Алтай қаласына ресми сапармен барды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Құрамында 100-ге жуық адам бар делегацияға мемлекеттік қызметкерлер, мәслихат депутаттары, бизнес, білім және мәдениет саласының өкілдері енген.

Сапар аясында Берік Уәли Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті. Тараптар өзара ынтымақтастықты дамыту, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

Аймақ басшысы Алтай қаласында 20-ға жуық қытай инвесторларымен кездесті

Кездесуге өндіріс, ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект, темір және әуе жолдары, көпір құрылысы, логистика, туризм, энергетика саларында жұмыс істейтін компания өкілдері қатысты.

Өңір басшысы қытайлық кәсіпкерлерге өңірдің әлеуетін таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Бір айта кетерлігі, барған аймақтардың ішінде ең көп делегат Абай облысынан барғандықтан, партия комитет төрағасы Берік Уәлиге бірінші болып сөз кезегін берді.

Кешкі аста ШҰАӨ партия комитеті төрағасы Ма Синжуй мырзаның Абай өңіріне үлкен құрмет көрсетті.

Абай облысына Ма Синжуй ресми сапармен келеді

Абай облысының әкімі Берік Уәли Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің партия комитетінің хатшысы Ма Синжуйді алдағы уақытта өңірге ресми сапармен келуге шақырды.

Өз кезегінде Ма Синжуй аймақ басшысының ұсынысын қолдайтынын білдіріп, Қазақстанға жұмыс сапары аясында Абай облысына келуге дайын екенін жеткізді.

Абай облысы қытай инвесторларымен 1,568 миллиард АҚШ долларын құрайтын меморандумға қол қойды

Қытайдың Алтай қаласында өткен «Үлкен Алтай» халықаралық конференциясы аясында Абай облысы мен ҚХР компаниялары арасында маңызды келісімдерге қол жеткізілді.

Жалпы құны 1,568 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылды.

Құжаттар логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, білім беру, туризм, құрылыс және технология салаларына қатысты.

«Біз Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынас аясында жұмыс істеу мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Қытай Қазақстан үшін сенімді дос әрі экономикалық салада сенімді серіктес болып қала береді. Осында келгелі конференция аясында көптеген нәтижелі кездесулер өткіздік. Облыстың даму жоспарына сәйкес бизнес өкілдерімен өңіріміздің дамуына серпін беретін жобаларды бірлесіп атқаруға келістік. Бұл екі тарап үшін де тиімді», - деді Берік Уәли.

2024 жылдың басынан бері Абай облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 287 млн долларды, ал шекара маңындағы сауда көлемі 2,3 млрд долларды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 503%-ға артты.

«Аягөз–Тачен» темір жолы, халықаралық логистикалық парк, Алакөлді туризм орталығына айналдыру сынды бастамалар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар