"Абайды қорлаған қыз" ретінде тарихта қалғым келмейді". Атышулы блогер елден кешірім сұрады

Көркем Алдабергенова 16 шіл. 2025 14:07

Абай Құнанбайұлының үйін көрсетемін деп сынға қалған журналист Әлия Әшім қазақстандықтардан кешірім сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналист Қарқаралыдағы видео әбес болғанын атап өтті.

"Сіздер - әкем, аға-әпкелеріммен қатар қауым үшін “Абайды қорлаған қыз” деген “атақпен” қаламын деп еш ойламаппын. Фейсбукте сирек отырамын, бірақ кешелі-бері өзім сыйлайтын, бой түзейтін кей азаматтардың постын оқып жүрегім ауырып отырғаны... Осында тараған Қарқаралыдағы видеоның әбес болғанын мойындаймын. Оны ауылдағы әкем де ренжіп, ескертті. Сондықтан табалау емес, жанашырлықпен, орынды сын айтқан аға-әпкелерімнен кешірім сұраймын", - дейді журналист. 
 
Әлия Әшім орынсыз сынағандар да болғанын айтты. 
 
"Бір айтқым келетіні - "Абайды қорлау мақсатында”, “қаралым үшін”, “топтар қаржыландырады” деген кей пікірлермен келісе алмаймын. Шын мәнінде, біз - қазақтың мәдениетін, тарихын барынша насихаттауға тырысып жүрген командамыз (өзім солай деп үміттенемін, әріптестер айтсын).
АҚШ-қа оқуға кетпес бұрын қазақша контент, тарихи деректі фильмдер үшін біраз бизнес өкілдерінің есігін қағып, серіктестік ұсынатын едік. Қаншама презентация, пичиң өттік. Қолдағандар бірлі-жарым болды. Кейін елге оралған соң, үкіметтен, ешбір топтан ақша алмай, таза қазақ контентін коммерциализациялауға барымызды салдық. Қазіргі таңда Freedom Holding Corp., Bi Group, Aviasales, Sandyq Group, Halyq Bank іспетті ірілі-ұсақ біраз компаниялардың жарнамалық материалдарын жасап, одан түскен қаржыны тұтас ағартушылық жобаларға салып жүрміз. (ағартушылық жобаларға еш ұйымның ықпалы жоқ). Осы күнге дейін (таза өз қаржымызға) “Қонаев дәуірі”, “Біз неге орысша сөйлейміз?”, “Желтоқсан” деректі фильмдерін түсірдік. Кейін дәл осы тақырыптарды әлеуметтік желіде (TikTok, Instagram) барынша жастар қызығатындай формада беріп келдік", - дейді ол. 
 
Журналистің сөзінше, кей топтар қаржыландырады деп бөліскен видеодағы "құйрық-бауыр" туралы ақпарат “Салт-дәстүр сөйлейді” кітабынан алынған.
 
"Видеоның астында сілтеме де болған еді. Ешкімнің лоббиінсіз, сол ақпарат негізінде жасалды. Ал Талғат Рысқұлбековпен фото - біздің болашақ жобамызға қатысты сұқбат барысында түсірілді. “Желтоқсан” деректі фильмінен кейін сол кезде сотталған барлық аға-әпкелерден сұқбат жазып қалуды мақсат тұттық. Өз қаржымызға, Қазақстанның барлық аумағын аралап, осы күнге дейін “Желтоқсан оқиғасы” кезінде сотталған 103 адамның 40-нан сұқбат жаздық. Әлі де осындай шамада сұқбат жазылады. Бұл - тарихи жадты сақтау, аға-әпкелердің көзі өтіп кетпей тұрғанда атқаруымыз қажет миссия деп іске кіріскенбіз", - дейді Әлия. 
 
Ол Абайды мазақ ету, қазақтың мәдениет, тарихын қорлау дейтін ниетім ешқашан болмағанын айтты. 
 
"Керісінше, тарихи жадты қалпына келтіру, сананың деколонизациясы, өткенге жаңа рефлексия жасауға ниеттеніп, жастарға жобалар жасап келеміз. Әлі жасаймыз да. YouTube-те барлық жобаларымызбен таныса аласыздар. Ниетімді жеткізе алдым деп сенемін. Қолдауларыңыз, орынды сындарыңыз үшін рақмет!", - дейді журналист.
 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар