Бергей Рысқалиевтің пәтерін жоғары лауазымды шенеунік иемденіп алған болуы мүмкін

Көркем Алдабергенова 16 шіл. 2025 13:29

Бергей Рысқалиевтің пәтерін жоғары лауазымды шенеунік иемденіп алған болуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Әңгіме – Ақтөбе қаласының орталығындағы, Бергей Рысқалиевке тиесілі болған жылжымайтын мүлік жайлы.

Shapalaq.kz мәліметінше, Ақтөбедегі тұрғын үй қатынастары бөлімінің шенеуніктері қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Басылым мәліметіне сәйкес, прокуратура бөлімнің бұрынғы басшысы Жандос Әлімовке қатысты тергеу бастаған. Қазіргі таңда ол Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы басқармасын басқарады.

Іс материалдарында көрсетілгендей, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Әлімов өтініш берушілердің мәліметтерінің растығын тексермеген, соның салдарынан 33 пәтер заңсыз жекешелендірілген.

"Қала тұрғын үй қорынан заңсыз «сытып алынған» пәтерлердің басым бөлігі Ақтөбе қаласының «Тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ қызметкерлерінің меншігіне өткен", – делінген жарияланымда.

Прокуратураның есебінше, 33 пәтердің заңсыз жекешелендірілуінен келген залал 122 586 779 теңге.

Басылым мәліметінше, мемлекеттік меншік қатарынан шығып кеткен жылжымайтын мүліктердің арасында кезінде Бергей Рысқалиевке тиесілі болған Ақтөбе қаласының орталығындағы пәтер де бар. Аталған тұрғын үй қашқын олигархтан сот үкімімен тәркіленген болатын.

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев Қазақстаннан қашып кеткен. Ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін халықаралық іздеуде жүр және 17 жылға бас бостандығынан айырылған. Рысқалиевтер соңғы 12 жылдан бері Ұлыбританияда тұрады. Экс-әкім бұл елден саяси баспана алған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар