Абай облысында төрт көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан бір әйел қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 9 шілде күні таңертең Алматы – Өскемен автожолының 885-шақырымында, Жарма ауданына қарасты Жарма ауылы маңында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Volkswagen Polo автокөлігінің жүргізушісі көлік басқару кезінде назарын жолдан аударып, рөлге ие бола алмай қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан ол Volvo жүк көлігімен соқтығысқан. Кейін жол апатына Toyota Windom жеңіл көлігі мен DAF жүк көлігі де тартылған.
Жол апаты салдарынан Volkswagen Polo көлігінің жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Әртүрлі дене жарақатын алған бірнеше адам медициналық мекемеге жеткізілді.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция жүргізушілерді көлік тізгінінде телефонға немесе өзге факторларға алаңдамауға, жылдамдық режимін сақтап, қауіпсіз арақашықтықты ұстануға шақырды.