Абай облысында бір күннің ішінде кішкентай балалардың терезеден құлауына байланысты екі қайғылы оқиға тіркелді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиғалар Семей қаласының Қарағайлы шағынауданында болған.
Алғашқы жағдайда екі жасар бала алтыншы қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кеткен. Ол алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Екінші жағдайда үш жасар бала екінші қабаттың терезесінен құлаған. Ол ауруханаға жеткізіліп, қазір дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Осы қайғылы жағдайлардан кейін Абай облысы полиция департаменті профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Кешкі уақытта полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, дауыс зорайтқыш арқылы ата-аналарға кішкентай балаларды, әсіресе терезесі ашық бөлмелерде, қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертті.
Полицейлер москит торларының қауіпсіздікке кепіл болмайтынын да еске салды. Олардың айтуынша, мұндай торлар баланың салмағын көтере алмайды және құлаудан қорғамайды.
Полиция ата-аналарға мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді:
кішкентай балаларды ешқашан қараусыз қалдырмау;
терезенің жанына баланың терезе алдына шығуына мүмкіндік беретін жиһаз қоймау;
терезелерге арнайы құлып немесе ашылуын шектейтін құрылғылар орнату;
бірнеше секундқа ғана назар аудармаудың өзі орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін екенін есте сақтау.