Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы және оқушылардың денсаулығын сақтау шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің мәліметінше, биыл маусым айында білім беру нысандарына санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізілген. Тексеру нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде 8 400 нұсқама беріліп, 287 жедел шара қабылданған.
"Соның ішінде 247 білім беру нысанының қызметіне тыйым салынды. Олардың 240-ында санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болмаған. Тағы жеті мектеп апатты ғимаратта орналасқаны үшін жұмысын тоқтатты", - деді ол.
Бұдан бөлек, санитариялық-техникалық жағдайы талапқа сай келмейтін және инженерлік желілері жарамсыз 40 нысанның қызметі уақытша тоқтатылған.
Министр оқушылардың денсаулығын тексеру қорытындыларына да тоқталды. 2026 жылдың алғашқы алты айында 2,3 миллион бала профилактикалық медициналық тексеруден өткен. Олардың 11 пайызынан түрлі ауру анықталған. Балалар арасында тіс жегісі, қаназдық және алыстан көрмеу дерті жиі кездеседі.
"Биылдан бастап оқушыларды медициналық тексеруден өткізу тәртібі жаңартылып, бұл жұмыс кезең-кезеңімен цифрлық жүйеге көшіріліп жатыр. Балалардың денсаулығын бағалау кезінде жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған ЭКГ аппараты, фонендоскоп, пульсоксиметр, отоскоп және ауыз қуысын тексеруге арналған камералар қолданылады", - деп түйіндеді ол.