Шымкентте аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша халықаралық іздеуде болған әйел ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу дерегінше, күдікті Шымкент қаласының тұрғындарына қатысты бірнеше алаяқтық эпизодқа қатысы бар. Келтірілген жалпы шығын көлемі 80 млн теңгеден асады.
Полиция мәліметінше, эпизодтардың бірінде күдікті зергерлік бұйымдар сатумен айналысатын кәсіпкер әйелдің сеніміне кіріп, алтын әшекейлерді иемденіп кеткен. Алайда алған міндеттемелерін орындамаған.
Сондай-ақ әйел азаматтарға шетелге арзан туристік жолдамалар ұсынған. Алдын ала төлем алғанымен, сапарлар ұйымдастырылмаған, ал қаражат жәбірленушілерге қайтарылмаған.
Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
