70-тен астам мектепте балалардың құқығы бұзылған

70-тен астам мектепте балалардың құқығы бұзылған
Orda.kz

Алматы облысында мыңнан астам бала заң бойынша тиесілі тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілмеген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Прокуратура мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік білім беру ұйымдарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары тегін ыстық тамақпен қамтылуы тиіс.

Алайда тексеру барысында облыстың 70-тен астам мектебінде бұл талаптың сақталмағаны анықталған. Соның салдарынан 1101 бала мемлекеттік қолдаудың аталған түрінен қағылған.

Заңбұзушылықтар Еңбекшіқазақ ауданындағы 45 мектепте, Ұйғыр ауданындағы 14 мектепте, Қонаев қаласындағы 9 мектепте, Талғар ауданындағы 7 мектепте, Жамбыл ауданындағы 5 мектепте және Қарасай ауданындағы 4 мектепте анықталған.

Прокуратураның қадағалау актілері негізінде балалардың құқықтары қалпына келтіріліп, барлық оқушы тиісті ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылған.

Облыс прокуратурасының мәліметінше, жыл басынан бері жүргізілген қадағалау жұмыстары нәтижесінде 30 мыңға жуық баланың құқықтары мен заңды мүдделері қорғалған.